Боксшылар Парижде кемі бір алтын алады – белгілі спортшылар Олимпиадаға болжам жасады

Редактор
16.02.2024, 15:25

Әзірге Қазақстан қоржынында екі лицензия бар

Қазақстан бокс федерациясы

Бокстан Сидней Олимпиадасының чемпионы Ермахан Ыбырайымов пен Лондон және Рио Олимпиадаларының күміс жүлдегері Әділбек Ниязымбетов бокстан Қазақстан құрамасының Парижде өтетін Олимпиада ойындарындағы мүмкіндігі туралы айтты.

«Қазақпараттың» жазуынша, Ермахан Ыбырайымов алдын ала болжам жасаудың қиын екенін алға тартқан.

«Негізі алдын-ала анау алтын, мынау күміс, ол қола алады деп айту дұрыс емес. Ондай болжам ұлттық құрамдағы әрбір боксшыға кері әсерін тигізбесе, пайдасын әкелмейді. Сондықтан, барлығынан үміт күте білейік, барлық боксшымызға сенім арта білейік. Қазіргі ұлттық құрамда жүрген жігіттеріміздің бірі - әлем чемпионы, бірі - Азия ойындарының жүлдегері. Бәрінің де көп-көрім жетістіктері, тәжірибелері бар. Сондықтан, өз басым бәріне сеніммен қараймын. Кейде, мүлдем сен ойламаған, мен ойламаған бір боксшы жарық етіп шыға келуі мүмкін. Менің ойымша, қазақ боксшылары Парижден кемі бір алтын алады», - деді Олимпиада чемпионы.

Сондай-ақ, ол Токиодағы Қазақстан құрамасының сәтсіздігі қазақ боксының құлдырағанын білдірмейтінін атады.

«Бір Олимпиадада алтынсыз қалғанымыз қазақ боксының құлап қалғанын, құлдырап кеткенін білдірмейді. Ол біздің боксшылар үшін де, бапкерлер үшін де үлкен сабақ болды. Енді, Парижде сол кеткен олқылықтың орынын толтырып жатса, нұр үстіне нұр болар еді. Ринг ешқашан қателікті кешірмейді. Сол үшін мен боксшыларымыздың барынша шаршы алаңда қателікке бой алдырмай, бапкердің тапсырмасын бұлжытпай орындауға тырысу керек. Жаттықтырушының кеңесін ешқашан ұмытпау керек. Шаршы алаңда жұдырықпен бірге басты да істете білулері тиіс. Сонда ғана жеңіс тұғырына шығуға болады», - деді Е.Ыбырайымов.

Ал 81 келіде екі Олимпиадан күміс жүлде иеленген Әділбек Ниязымбетов алдағы лицензиялық турнирде боксшыларымыз толық түрде жолдамаға иелік етеніне күмән келтірмейтінінін атады.

«Қазіргі таңда Мырзағали Айтжанов баптайтын Қазақстан ұлттық құрамасында кіл мықты боксшылар жиналған. Олардың арасынан мен ешкімді бөле-жарғым келмейді. Барлығының да жүлдеге таласуға мүмкіндігі бар. Мен тек, барлығына сәттілік тілеймін. Бізде қазір Қамшыбек Қоңқабаевтан басқасы әлі жолдама алып үлгерген жоқ. Алда екі іріктеу турнирі тұр. Мен сол жарыстардан ұлттық құрма Парижге толық құрамда жолдаманы жеңіп алады деп сенемін», - деді Әділбек Ниязымбетов.