«Оралбайлардың бірі алтын алады»: белгілі бапкер Олимпиадаға болжамын айтты

Редактор
05.06.2024, 16:10

Оның пікірінше, Қазақстан Олимпиада ойындарына өте мықты құраммен бара жатыр

Қазақстан бокс федерациясы

Бокстан Париж Олимпиадасында сынға түсетін боксшылардың қайсысы жүлде алуы мүмкін деген сауалға елімізге белгілі бапкер болжам жасады. Әлем чемпионы Галиб Жарафовтың бапкері Әлімбек Балмағанбетов Қазақстан боксшылары Парижде кемі бір алтын алады дегенді айтты.

Әлем чемпионын тәрбиелеген жаттықтырушы Парижде ағайынды боксшылар Оралбайлардың бірі чемпион болатынына сенімді.  

«Ағайынды Оралбайлар Италиядағы турнирде жақсы өнер көрсетті. Сол екі жігіттің біреуі алтын алуы мүмкін. Одан бөлек, екінші Олимпиадасына бара жатқан Сәкен Бибосыновқа үміт артамын. Бас командада өзім де жүрдім. Екі Олимпиаданы өткердік. Сондықтан, бокстан қазіргі құрамды өте мықты деп айта аламын. Барлық спортшыға сәттілік тілеймін», - деді Балмағамбетов nur.kz-ке берген сұхбатында.

Жақында Таиландта аяқталған лицензиялық турнирде жетінші жолдамасын иеленген еліміздің ерлер құрамасы Айтжановтың жетекшілігімен екінші рет Олимпиадаға толық құрамда барғалы отыр. 

Биыл басты жарыста Сәкен Бибосынов (51 кг), Махмұд Сабырхан (57 кг), Мұхаммедсабыр Базарбайұлы (63,5 кг), Асланбек Шымбергенов (71 кг), Нұрбек Оралбай (80 кг), Айбек Оралбай (92 к) және Қамшыбек Қоңқабаев (+92 кг) сынға түседі. 

Оның ішінде Сәкен мен Қамшыбек екінші рет Олимпиада ойындарына бара жатыр. Екеуі де Токиода өткен ойындарда қола жүлдегер атанған болатын.