Сәкен Бибосыновтың басты қарсыласы Хасанбой Дусматов үшінші олимпиадасына қатысуы мүмкін

Редактор
16.08.2024, 10:30

Өзбекстандық боксшы кәсіпқой боксқа ауысуы мүмкін екенін де жоққа шығармады

Reuters

Бокстан Олимпиаданың екі дүркін чемпионы өзбекстандық Хасанбой Дусматов үшінші олимпиадасына қатысу мүмкіндігі жайлы пікір білдірді.

Былғары қолғап шебері Лос-Андежелесте өтетін төртжылдықтың бас додасында бақ сынауды ұсынып жатқан жанкүйерлердің көптігін де алға тартты.

«Көбісі үш дүркін чемпион атануым керектігін айтып жатыр. Алдымен шамамызға қараймыз. 31 жас деген аз жас емес. Денсаулық керек, кәсіби спортта денсаулығың тез құриды. Қазір аздап демалып, байқап көреміз. Үшінші Олимпиадаға әрекет жасау көруге де болады», - деді Дусматов.

Өзбекстандық кәсіпқой боксқа ауысу туралы ойын да айтты.

«46,7 келіде бокстасу қиын. Өте аз салмақ. Себебі мен бұл Олимпиадада 51 келіде бокстастым. Сондықтан бәлкім басқа салмаққа ауысып көрермін. Ол жақта қарсыластар мықты, бірақ менің де оларға шамам жетеді деп ойлаймын. Әзірге нақты жоспар жоқ, уақыт көрсетеді», - деді ол.