Иван Дычко америкалық боксшыны нокаутпен жеңді (ВИДЕО)

Редактор
22.08.2024, 09:17

Ол 14 ай үзілістен кейін рингке қайта оралды

Proboxtv

Кәсіпқой бокстан аса ауыр салмақта өнер көрсететін қазақстандық Иван Дычко АҚШ-та өткен кезекті жекпе-жегін нокаутпен аяқтады. ProBox TV шоуы аясында өткен бокс кешінде отандасымыз америкалық Крейг Льюисті жеңді.

Жекпе-жек сегіз раундқа жоспарланған болатын. Алайда, екінші раундта Дычконың ауыр соққыларына төтеп бере алмаған Льюис жұдырықтасудан бас тартты. Рефери техникалық нокаут есептеді.

Бұл – қостанайлық боксшының кәсіпқой бокстағы 14-ші жекпе-жегі. Оның бәрінде Дычко жеңіске жеткен және 13-і нокаутпен. Ал, қарсыласы болса 15 рет жеңіске жетіп, сегіз рет жеңілді және бір тең ойыны бар.

Айта кететін жайт, Иван Дычко 14 ай үзілістен кейін рингке қайта оралды. Америкалық спорт мамандары оның жақын болашақта өзбек боксшысы Баходир Жалоловпен жекпе-жек өткізуі мүмкін екенін болжайды. Қос боксшы әуесқой рингте төрт рет жолығып, бәрінде қазақстандық жеңіске жеткен еді.