Қыз зорлады деп айыпталған Жанқош Тұраров рингке оралуы мүмкін

Редактор
24.12.2024, 12:02

IBO чемпионы жылына бір рет титулды қорғауы тиіс

instagram.com/zhankoshturarov

28 ақпанда Павлодар қаласында Fight Night лигасы бокстан турнир ұйымдастырып жатыр. Бұл туралы Sport+ мәлім етті.

Аталған турнирде Кәсіпқой бокстан орта салмақта IBO тұжырымы бойынша әлем чемпионы Жанқош Тұраровтың жекпе-жегі өтуі мүмкін. Бұл туралы лига президенті Камил Гаджиев өзінің «Апта Қорытындысы» бағдарламасында мәлімдеді.

Айта кетейік, IBO чемпионы жылына бір рет титулды қорғауы тиіс. Жанқош Тұраров болса соңғы рет шаршы алаңға былтыр қазан айында шықты. Алматыда өткен кәсіпқой бокс кешінде ол жапон Акихиро Кондоны төрешілер шешімімен жеңген болатын.

34 жастағы боксшы осы жылдың қыркүйек айында Алматыда Венесуэлалық Хесус Корреа Пинтомен (16-0, 16 КО) жұдырықтасуы тиіс еді. Алайда, бұл жекпе-жек өтпей қалды.

Айта кетейік, биыл жазда Жанқош Тұраров қыз зорлады деп айыпталған болатын. Алматы тұрғыны полицияға арызданып, боксшыдан ұзақ уақыт жыныстық зорлық көргенін айтқан. Полиция тергеу бастағанымен, сот әлі болған жоқ.