Оның айтуынша, өңірде футболға қабілетті балалар жеткілікті
Қарағандылық «Шахтёр» футбол клубының жаңа иесі, қазақстандық кәсіпкер әрі миллиардер Тимур Турлов клубты жекешелендіргеннен кейінгі басты мақсаттарын айтты.
Қарағандыда өткен баспасөз мәслихатында ол «Шахтёрдің» дамуы қысқа мерзімді нәтиже емес, ұзақмерзімді әрі жүйелі жұмысқа негізделетінін атап өтті. Кәсіпкердің сөзінше, клуб легионерлерге қомақты қаржы жұмсауды емес, жергілікті футбол мектебін қалыптастыруды көздейді.
Біздің басты міндет – футболды тұрақты дамытатын мықты негіз құру. Қазір легионерлерге қомақты қаржы шашып, жарысқа түсетін ниетіміз жоқ. Ең маңыздысы – Қарағанды облысындағы дарынды жастарды тауып, олармен сапалы жұмыс істей алатын селекциялық жүйе қалыптастыру, – деді Тимур Турлов.
Оның айтуынша, өңірде футболға қабілетті балалар жеткілікті. Осыған байланысты клуб қазірдің өзінде ауқымды өзгерістерге кірісіп, футболды дамытудың толық тізбегін қайта қарастырып жатыр.
Балабақшадан бастап кәсіби клубқа дейінгі бүкіл футбол пирамидасын жаңғыртуды қолға алдық. “Шахтёр” жергілікті жастар үшін мақтанышқа айналып, әрбір қарағандылық баланың ойнаймын деп армандайтын клубы болуы тиіс. Тіпті бұл арман ел көлеміне тараса, мақсатымыздың орындалғаны, – деп түйіндеді кәсіпкер.
Еске салайық, өткен маусымда қарағандылық «Шахтёр» Бірінші лигада төртінші орын иеленді.