«Бұл – жай ғана акция»: Ресейде Нанидің «Ақтөбеге» трансферін сынады

Редактор
26.01.2026, 10:16

Дьяковтың пікірінше, Нанидің келуі – қысқа мерзімді жарнамалық қадам:

Фото: James Gill - Danehouse/Getty Images

Мәскеудің «Динамо» футбол клубының бұрынғы қорғаушысы Виталий Дьяков португалиялық шабуылшы Луиш Нанидің қазақстандық «Ақтөбе» клубына ауысуына қатысты пікір білдірді.

Ол Sovsport.ru-ға берген сұхбатында бұл трансфер спорттық нәтиже үшін емес, көбірек маркетингтік мақсатты көздейтінін айтты.

Айта кетейік, португалиялық футболшымен жасалған келісімшарт 2026 жылдың соңына дейін есептелген.

«Егер Қазақстанда МедиаЛигаға бағытталған команда жасағысы келсе, Нани – жақсы нұсқа. Ал нақты бәсекелестік туралы айтсақ... онда Шмейхельдің әкесін де шақыруға болады. Нани біздің МедиаЛигада бір ойынға келген. Әрине, оның аты мен тәжірибесі бар, бірақ жас өз дегенін алады. Қазақстан чемпионаты Ресейдің МедиаЛигасынан бірнеше есе мықты. Әлбетте екеуінің арасында жер мен көктей айырмашылық бар. Егер ол ол жақта көзге түспесе, мұнда қандай нәтиже береді?» – дейді Дьяков.

Сондай-ақ ол Нанидің қазіргі физикалық жағдайына күмән келтірді:

«Мүмкін, оған дайындалып, бабына келу керек шығар, бірақ мен бұған сену қиын деп ойлаймын. Мұны ашық айтып отырмын. Егер қазір «Ақтөбе» Модричті шақырса, сұрақ жоқ. Ал бүгін Дель Пьеро немесе Тоттиге келісімшарт ұсынсаң – нәтиже үшін күресу қиын. Мұндай ойыншылар жанкүйерді стадионға тартады, бірақ спорттық тұрғыда...»

Дьяковтың пікірінше, Нанидің келуі – қысқа мерзімді жарнамалық қадам:

«Бұл – бірнеше айға арналған назар аударту акциясы. Оны байыпты трансфер деп қабылдау қиын. Бірақ ақпараттық әсер жағынан бұл өте жақсы. Барлығы: «Бізде бұрын «Манчестер Юнайтедте» ойнаған, Еуропа чемпионы, Криштиану Роналдудың экс-серіктесі ойнайды» деп жазады. Мұндай тақырыптар әрдайым таралады. Алайда мен «Ақтөбе» Наниге негізгі футболшы ретінде шындап сеніп отыр деп ойламаймын».

Бұған дейін Нани Қазақстан чемпионаты тарихындағы ең жоғары жалақы алатын футболшы атануы мүмкін екені хабарланған болатын.

Еске сала кетейік, 2025 жылдың желтоқсан айында 39 жастағы шабуылшы кәсіби мансабын аяқтағанын жариялаған. Оның соңғы клубы португалиялық «Эштрела» болды.

 

Реклама
Реклама

Материалда: