Жеті адам қаза тапқан: матчқа бара жатқан ПАОК жанкүйерлері жол апатына ұшырады

Редактор
27.01.2026, 22:58

Тағы бірнеше адам жарақат алған. 

Видеодан алынған кадр

Грекияның ПАОК футбол клубының жанкүйерлері мінген микроавтобус Румыния аумағындағы тас жолда жүк көлігімен соқтығысып, салдарынан жеті адам қаза тапты, тағы үш адам жарақат алды. Бұл туралы Skai телеарнасы хабарлады.

Алдын ала мәліметке сәйкес, ПАОК жанкүйерлері Салоники қаласынан Еуропа лигасының жалпы кезеңіндегі сегізінші тур аясында Францияның «Лион» клубына қарсы өтетін матчқа бара жатқан.

Апат микроавтобус жеңіл көлікті басып озуға тырысқан сәтте болған. Қарсы бағытта келе жатқан жүк көлігімен соқтығысқан микроавтобус жол жиегіне шығып кеткен.

Оқиға орнынан алты адамның мәйіті табылса, тағы бір жолаушы ауруханаға бара жатқан жолда көз жұмған.

Салоники қаласының мэрі Стелиос Ангелудис қаза тапқандардың отбасыларына көңіл айтып, жарақат алғандарға қолдау көрсетілетінін тілге тиек етті.

Ал «Лион» мен ПАОК клубтары Еуропа лигасы аясындағы матч алдында жол апатынан қаза тапқан жанкүйерлерді бір минут үнсіздікпен еске алатынын мәлімдеді.

«Лион» клубы қаза тапқандардың жақындарына көңіл айтады. Өмір үшін күресіп жатқан жанкүйерлермен біргеміз. Қаза тапқандарды еске алу рәсімі «Парк Олимпик Лионне» стадионында «Лион» – ПАОК матчы алдында өтеді», – делінген француз клубының ресми мәлімдемесінде.

Айта кетейік, «Лион» – ПАОК» кездесуі 29 қаңтарда өтеді.

Реклама
Реклама