Стадион тек қазақстандық шабуылшының есімін ұрандатты,
«Қайрат» пен «Ақтөбе» матчынан кейін қазақ футболының ардагері, «Қайраттың» даңқты ойыншысы болған Асқар Қожабергенов Sports.kz тілшісіне сұхбат беріп, ойынды талдады.
– Асқар Сейдахметұлы, «Қайрат» – «Ақтөбе» матчының Орталық стадиондағы атмосферасын қалай бағалайсыз?
– Стадион лық толы, артық билет жоқ, сары-қара жалаулар көп, жанкүйерлер секторлары түгелдей толған және олар матч бойы командаларын жанын салып қолдады. Міне, біздің футболға керегі осы! Бұл нағыз футбол мерекесі! Еуропада мұндай атмосфера әр тур сайын болады, бізде де солай болса ғой.
– Ойынның өзі туралы не айтасыз?
– Командалар арасындағы принципті бәсекелестікке байланысты ойын аса қауіпті сәттерге бай болмады, кей тұстарда өте сақ өтті.
– Бірінші тайм несімен есте қалды?
– Бірінші таймда «Қайраттың» фин жартылай қорғаушысы Ойва Юкколаның қақпашымен жеке шыққан сәтін айтуға болады, бірақ оның соққысын Александр Заруцкий тамаша қайтарды. Ал Темірлан Анарбеков бірінші таймда мүлде жұмыссыз қалды.
– Екінші таймда Дастан Сәтпаевтың алаңға шығуы шешуші сәт болды. Оның ойынға қосылуымен «Қайрат» ойынында қандай өзгеріс байқадыңыз?
– Дастан Сәтпаев алаңға шыққаннан кейін «Қайраттың» шабуылы жылдамдыққа ие болды. Жалпы, оның ойыны «Ақтөбенің» жұлдызды ойыншысы Нанидің алаңға шығуын толықтай көлеңкеде қалдырды. Стадион тек қазақстандық шабуылшының есімін ұрандатты, ал португалиялық ойыншының шығуы онша байқалмады.
– Матчтағы жалғыз гол туралы не айтасыз?
– Мұндай тартысты ойында «Ақтөбе» шабуылшысы Даниэль Сосаның қателігі қымбатқа түсті. Оның сол сәттегі баяулығын біздің жас талант Сәтпаев тиімді пайдаланды.
– Матч нәтижесі әділ болды ма?
–Жалпы алғанда, «Ақтөбенің» шабуылдағы әлсіз ойынын ескерсек, «Қайрат» толықтай лайықты жеңіске жетті. Бұл матчта екі команда да алдымен өз қақпасын қорғауға көңіл бөлді. Сол себепті шабуылда өткірлік аз болды.