Иран біріншілікте Бельгия, Мысыр және Жаңа Зеландия құрамаларымен кездесуі тиіс.
ФИФА Иран тарапымен тұрақты байланыста екенін мәлімдеп, 2026 жылғы әлем чемпионаты аясындағы матчтарды АҚШ-тан Мексикаға көшіру туралы қауесеттерге қатысты пікір білдірді.
Бұған дейін Иран футбол федерациясының басшысы Мехди Тадж ойындар өтетін орын өзгеруі мүмкін екенін айтқан болатын. Алайда ФИФА өкілдері жарыс кестесі өзгеріссіз қалатынын жеткізді.
«ФИФА барлық қатысушы қауымдастықтармен, соның ішінде Иранмен де, 2026 жылғы әлем чемпионатын жоспарлау мәселелері бойынша тұрақты байланыста. Біз командалардың барлығы 2025 жылғы 6 желтоқсанда бекітілген кесте бойынша өнер көрсетеді деп сенеміз», - делінген ұйым мәлімдемесінде.
Айта кетейік, Иран құрамасы іріктеу кезеңінен сәтті өтіп, G тобына түсті. Онда олар Бельгия, Мысыр және Жаңа Зеландия құрамаларымен кездеседі. Жоспар бойынша ирандықтар Жаңа Зеландия және Бельгиямен Лос-Анджелесте кездесіп, кейін Мысырға қарсы матчты Сиэтл қаласында өткізуі тиіс.