«Ордабасы» Бақтиер Зайнутдиновті қатарға қосуы мүмкін деген ақпарат шыққан еді
«Ордабасы» клубының президенті Дархан Қызайбаев Мәскеудің «Динамо» командасында ойнайтын Қазақстан құрамасының қорғаушысы Бахтиер Зайнутдиновке қызығушылық танытып отырғанын растады. Бұл туралы ол Sport24.ru сайтына берген сұхбатында айтты.
Бұған дейін қазақстандық клубтың 28 жастағы футболшыны қатарға қосуға ниетті екені туралы ақпарат тараған еді. Зайнутдинов 2025 жылдан бері «Динамо» сапында өнер көрсетіп келеді.
«Біз Зайнутдиновке шынымен қызығушылық танытып отырмыз. Ол – қазақстандық футболшы, ұлттық құрамамыздың ойыншысы. Алайда қазіргі таңда ол бойынша нақты келіссөздер жүргізіп жатқан жоқпыз. Оның медициналық тарихын және қазір «Динамода» ойын тәжірибесінің аз екенін ескеріп отырмыз. Оның кандидатурасын маусымымыздың соңына қарай нақтырақ қарастырамыз. Желтоқсан–қаңтар айларында бірнеше футболшымен келісімшарт жасау бойынша жұмыс істеуді жоспарлап отырмыз. Олардың қатарында Зайнутдинов те бар.
Бахтиер «Бешикташта» ойнады, қазір «Динамо» сапында. Екі клубта да оның жарақатына байланысты мәселелер болды. Ол командаларда тәжірибелі медициналық штаб жұмыс істейді. Егер «Бешикташ» пен «Динамо» оны жарақаттан қорғай алмаған болса, біз, қазақтар, оны міндетті түрде қорғаймыз деп айта алмаймыз. Әрине, әзілдеп тұрмын.
Ол – мықты футболшы. Оған шынымен қызығушылық бар. Бірақ қазір ойыншымен де, «Динамомен» де, оның өкілдерімен де нақты келіссөздер жүргізіп жатқан жоқпыз», – деді Қызайбаев.