ҚФФ судьяны сынаған «Астана» мен «Тобылды» жазалап, «Қайратқа» неге әлі келмеді?

Редактор
23.05.2024, 10:59

Қайрат Боранбаевтың өзі «Ақтөбемен» ойыннан кейін төрешіні қатаң сынаған болатын

Қайрат ФК

ҚПЛ-дегі төреліктің әділетсіз екенін айтқаны үшін Қазақстан футбол федерациясы «Астана» мен «Тобыл» командаларына айыппұл салған болатын. Тіпті, осыдан бірер күн бұрын ҚФФ президенті Әділет Бәрменқұловтың өзі арнайы видеомәлімдеме жасап, футбол менеджерлерінен төрешілерге «тиіспеуін» талап еткен.

Десе де, ҚФФ «Қайрат» клубына ешқандай шара қолданған жоқ. «Ақтөбемен» болған соңғы матчтан кейін клуб басшысы Қайрат Боранбаевтың өзі «мынадай төрешілер Қазақстан футболын өлтіреді» деген болатын. Соған қарамастан Бәрменқұлов басқаратын ұйым алматылық командаға айыппұл салмады.

«Серый CARDINAL» телеграм-каналы бұл мәселенің мән-жайын анықтапты. Журналистің сауалына «Қайрат» клубының өкілдері жауап берген. Ол мынадай жауап:

  1. Қайрат Боранбаевтың эмоцияға толы мәлімдемесі журналистердің сауалына берген жауабы еді. Бұл өз атынан сынауға жатпайды.
  2. Клуб ҚФФ-ға төрелікке қатысты ресми хат жолдады. Онда нақты төрешілердің жеке басына қатысты сын-пікір айтылмаған.

«ФИФА мен УЕФА регламенттері бұзылмағандықтан ҚФФ «Қайратты» жауапқа тартқан жоқ деп есептейді клуб басшылары. Оның үстіне, Қайрат Боранбаевтың өзі УЕФА комитеттерінің бірінің мүшесі», - деп жазылған аталған телеграм-каналда.