«Қайрат» басшылары «Ақтөбе» мен «Астана» жанкүйерлерінен кешірім сұрады

Редактор
10.06.2024, 10:06

Игитаның өзі болса бар кінәні алматылық клубтың фанаттарына артып отыр

instagram.com/leohiguita2/

«Қайрат» футзал клубының басшылары команда капитаны Игитаның ерсі әрекеті үшін «Ақтөбе» мен «Астана» клубтарынан кешірім сұрады.

Есте болса, «Семеймен» болған матчтан кейін алматылық команда қақпашысы автобусқа кірер жолда қарсылас командалардың туы мен шарфын аяғымен таптаған болатын. Артынша Игитаның өзі мәлімдеме жасап, бар кінәні «Қайрат» фанаттарына артты.

Енді клуб басшылары да ресми кешірім сұрап отыр.

«Клуб атынан басқа Қазақстандық футбол және футзал клубтары мен олардың жанкүйерлеріне, атап айтқанда «Ақтөбе» мен «Астана» футбол клубтарына құрметсіздік танытқан клубымыздың бірнеше ойыншысының «жасаған қылығы» үшін шын жүректен кешірім сұраймыз.

Біз мұндай оқиғаларға кез-келген жағдайда жол беруге болмайтынын және тәрбиеге сыймайтын әрекеттердің болғанын мойындаймыз.

Клуб құрылған кезеңнен бастап дәл мұндай жағдайлар ешқашан болған емес және біз осындай жағдайлардың алдын алуды жалғастырамыз.

«Қайрат» футзал клубы елімізде футзалдың дамығанын және ел футзалында қарсыластарға құрмет пен достық қарым-қатынас әрқашан үстем болғанын қалайды», - делінген аталған хабарламада.

Бұл жайтқа қатысты Қазақстан футзал қауымдастығының вице-президенті Нұрсұлтан Құрман мәселенің дүйсенбі күні жұмыста қарастырылатынын алға тартты.