Нұрбол Жұмасқалиев дебютін сәтті өткізді

Редактор
16.06.2024, 00:02

Есесіне, Ресейден алдыртқан бапкер Александр Кержаков бірінші матчын жеңілістен бастады

QFL

Бүгін Қарағанды, Қызылорда мен Қостанайда футболдан Қазақстан чемпионатының 11-турының алғашқы жарыс күні аяқталды.

Алдымен «Шахтер» өз алаңында «Атырауды» қабылдап, оңбай ұтылды – 0:3 (0:2). 

Негізі екі команда да ойынды шабуылмен бастады. Алаң иелерінен Шыңғыс Флюк қарсылас қақпасынан саңылау тапқанымен, VAR-ды көрген соң төреші голды есептемей қойды. Артынша қонақтар сапынан ойынның 24-минутында Педро Эуженио есеп ашса, 45+2 минутта дәл осы Эужинио Наурызбек Жагоровқа әуелете пас беріп, есеп еселенді. Екінші таймда атыраулықтар шабуылын тоқтатқан жоқ. Осылайша, ойынның аяқталар тұсында, 81-минутта Стасевич үшінші голды соғып, матчтың нүктесін қойды.

«Шахтер» — «Атырау» 0:3 (0:2) Голдар: Эуженио 24 (0:1), Жагоров 45+2 (0:2), Стасевич 81 (0:3).

Ал Қостанайдың «Тобылы» Алматының «Қайрат» клубымен кездесті.

Матч алғашқы минуттан бастап-ақ екі тараптың да шабуылымен басталды. Алайда, есепті бірінші болып алаң иелері ашты. Қостанайлықтардан Игорь Иванович қақпашымен жеке-дара шығып, допты қақпада тулатты - 1:0. Осылайша, Нұрбол Жұмасқалиев жаңа қызметіндегі дебютін жеңіспен бастаса, Александр Кержаков бірінші жеңілісіне ұшырады. 

Осылайша, «Тобыл» 15 ұпаймен турнирлік кестеде жағдайын жақсартса, 18 ұпайы бар «Қайрат» екінші орында тұр.

«Тобыл» — «Қайрат» 1:0 (1:0)

Гол: Иванович 31 (1:0).

Қызылорданың «Қайсары» өз үйінде «Тұранмен» өзара кім мықтыны анықтады.

Алаң иелері бастапқыда фаворит саналған. Матчтың 11-минутында төреші қонақтар қақпасына пенальти белгілегенімен, Дмитрий Бородин мүлт кетті. Есесіне араға бір минут салып Артем Архипов кездесудің алғашқы голын соқты. Бірінші тайм аяқталғанға дейін Валерий Громыко таразы басын теңестіріп үлгерді — 1:1. Екінші таймда есеп өзгерген жоқ.

13 ұпайы бар «Қайсар» турнирлік кестенің бел ортасында тұрса, 8 ұпайға ие «Тұран» аутсайдерлер қатарында.

«Қайсар» — «Тұран» 1:1 (1:1) Голдар: Архипов 12 (0:1), Громыко 31 (1:1)

16 маусым күні жанкүйерлерді тағы үш матч күтіп тұр.