«Шалдар биліктен кеткісі жоқ»: Мадрид клубының 77 жастағы президенті тағы сайлауға түседі

Редактор
09.07.2024, 01:17

Клуб президентін сайлау 2025 жылы өтеді

TASS

Мадридтік «Реал» клубының президенті Флорентино Перес тағы да сайлауға қатысып, өз қызметін сақтап қалмақшы деп жазады Relevo басылымы. Мұндай жоспарын ол өзінің жақын адамдарына айтқан-мыс.

Перес қазір 77 жаста. Ол үшін осы мерзім соңғысы екені айтылып жүрген. Дегенмен, функционер денсаулығын жақсартып, келесі сайлауды ойлай бастапты. Клуб президентін сайлау 2025 жылы өтеді.

Флорентино Перес «Реалды» ең алғаш 2000-2006 жылдары басқарды. Сосын 2009 жылы қайта оралды. Ол Мадрид клубының билік тізгініде 21 жыл отыр.

Ал, әлеуметтік желіде испандық клуб жанкүйерлерінің пікірі екіге жарылды. Бір тарап Перестің президенттіктен кетпегенін қаласа, екінші тарап оның жастарға орын беруін талап еткен.

Мадридтік «Реал» Еуропа Чемпиондар лигасын ең көп жеңген команда екені белгілі (15 рет). Соңғы турнирде де Еуропада корольдік клубты жеңетін команда табылмады.