«Екеуі де гол соқсын»: Зайнутдинов пен Айымбетов құрамаға қосылды

Редактор
04.09.2024, 19:11

Қазақстан құрамасы Норвегиямен және Словениямен болатын ойындарға қызу дайындалып жатыр

ҚФФ

Отандық футболшылар Бахтиер Зайнутдинов пен Абат Айымбетов футболдан Қазақстан құрамасының Норвегияға қарсы өтетін матчы алдында елге оралды.

Түркияда топ тебетін аяқдоп шеберлері ұлттық құраманың Алматыдағы «Орталық стадионда» өтіп жатқан оқу-жаттығу жиындарына қосылды. Бұл туралы Қазақстан футбол құрамасының Instagram-парақшасындағы видеодан көруге болады.

«Тосынсый, тосынсый! Жігіттер оралды», - делінген ұлттық құраманың жазбасында. 

Бұған жанкүйерлер де қуанып, жігіттердің аянып қалмайтынына сенім білдіруде.

«Екеуі де гол соқсын», «Сен тұр, мен атайын деген жігіттердің бәрі құрамада! Енді тек жеңіс керек. Данияны ұтқандай әдемі жеңіс тілейміз», «Қазақ футболына көзқарасымызды одан ары қарай өзгертіңіздер», «Сенсация жасай берейік», «Жеңісті ойын болсын», - деп жазды желі қолданушылары.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан құрамасы УЕФА Ұлттар лигасы аясында 6 қыркүйекте сағат 19:00-де Норвегияны қабылдайды. Қонақтар сапында «Манчестер Сити» футболшысы Эрлинг Холанд пен «Арсенал» ойыншысы Мартин Эдегор бар. Ал, 9 қыркүйекте ұлттық құрама Любляна қаласындағы «Стожице» стадионында Словенияға қарсы ойнайды. Бұл матч Астана уақытымен сағат 23:45-те басталады.