Клуб легионерлердің санын біртіндеп қысқартуды көздеп отыр
Шымкенттің «Ордабасы» футбол клубының президенті Асхат Сейсембек клубтың легионерге қатысты саясатын айтып өтті.
«Легионерлер қажет. Өйткені команданың ішінде бәсекенің артуына септігін тигізеді. Бізде Қазақстан чемпионатының ережесі бойынша бір командада 12 легионерге дейін ойнай алады. Бүгінгі таңда өткен маусыммен салыстырғанда командадағы легионерлердің санын қысқартуды жоспарлап отырмыз. Биыл регламент бойынша 12 шетелдік футболшыны тіркеуге рұқсат берсе, «Ордабасы» 9-10 шетелдік футболшымен шектелуді жөн көріп отыр. Жалпы, легионерлердің санын біртіндеп қысқартамыз. Қазіргі уақытта шабуылшы позициясына легионер іздеп жатырмыз», - дейді Асхат Сейсембек «Отырар ТВ» арнасына берген сұхбатында.
Оның айтуынша, шорт-листте бірнеше кандидат бар екен. Соның ішінде екеуі жас футболшылар дейді. Біреуі Бразилиядан, екіншісі АҚШ-тан көрінеді.
«Алдағы уақытта олармен қалай жұмыс істеуді ойластырып жатырмыз, бірақ қазіргі уақытта келісімшартқа отыру жоспарда жоқ», - дейді клуб президенті.
Айта кетейік, жақында «Ордабасы» нигериялық жартылай қорғаушы Салиман Кайо мен хорватиялық Дарио Чанаджияны қатарға қосқан еді.