Оның пікірінше, қазіргі қақпашылар әлдеқайда іріленген
Италияның даңқты қақпашысы Джанлуиджи Буффон футболға реформа енгізетін кез келді деп есептейді. Оның айтуынша, футбол қақпасының көлемін үлкейту керек.
Айта кетейік, қазіргі таңда қақпаның биіктігі – 2,44 метр, ұзындығы – 7,32 метр.
Sports.ru сайты Буффонмен болған сұхбаттан үзінді келтірді.
- Сіз қақпаны үлкейтер ме едіңіз?
- Біз бұл туралы қазірден ойлана бастауымыз қажет. Жуырда ғана мен осы мәселені туыстарыммен және әйеліммен талқыладым. Мен футболға келген 1988 жылы A Сериясындағы ең ұзын 5 қақпашының бірі болдым (Буффонның бойы 192 см). Ал, өткен маусымда «Парма» сапында B сериясында ойнадым. Ол кезде де ең ұзын қақпашылардың бестігінде болдым, бірақ ол жақта небәрі 22 қақпашы бар еді.
Қазіргі қақпаның көлемі 1875 жылы бекітілген. Сол кездегі адамдардың дене бітімі үшін бұл расымен де үлкен болған. Бәлкім сол кезде бұл дұрыс та болған шығар. Бірақ, қазіргі қақпашылар мен футболшыларға қарап ойланып қаласың. Қазір тіпті волейболдың сеткасының биіктігін жоғарылату мәселесі де қарастырылып жатыр. Яғни, спортшылардың бойы өсуде.
- Қақпаның үлкейгені сізді шошытпай ма?
- Бәрібір бұл мәселені мен шешпеймін. Жауапты органдар бұл мәселемен айналысады. Қазір қақпашылар іріленген. Бірақ, алаңда ойнайтын ойыншылар да бұрынғыдан қарағанда әлдеқайда жылдам әрі соққылары ауыр. Сондықтан, ойлану қажет.
Осыдан 30 жыл бұрын алыстан соққан әрбір 50 соққының 10-ы гол болатын. Ал, қазір 50 соққының тек үшеуі ғана қақпаға кіреді. Яғни, бойы екі метрлік қақпашыларға алыстан гол соғу әлдеқайда қиындаған, - деді Буффон.