Қазақстанның хоккейші қыздары әлем чемпионатын жеңді

14.04.2024, 09:13

Жарыс төменгі дивизионда өтті

instagram.com/kazakhstanhockey/

Хоккейден қыздар арасында IIA дивизионы бойынша өткен әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы сәтті өнер көрсетіп, жарыс жеңімпазы атанды.

Шешуші соңғы матчты Александр Тебеньков шәкірттері Испания құрамасына қарсы өткізіп, 5:3 есебімен жеңіске жетті. Матч барысында испан қыздары есепте үш рет алға шыққанымен, қазақстандықтар қуып жетіп, тіпті жеңісті де жұлып алды.

Қазақстан құрамасынан Лариса Свиридова, Анастасия Оразбаева, Александра Шегай, Пернеш Әшімова көзге түсті. Ал, Испания сапынан Нереа Хименес және Вега Муньос гол соқты.

Біздің ұлттық команда мұның алдында Мексиканы (4:2), Қытайлық Тайбэйді (3:0), Исландияны (7:2) және Бельгияны (9:2) жеңіп, бірде-бір рет жеңілген жоқ. Осылайша 15 ұпаймен топ жарған қазақстандық қыздар келесі әлем чемпионатында IB дивизионында ойнайды.