Қамшыбек соңғы сегіз жылда Олимпиада чемпионы шықпауына не себеп болғанын да айтты
Бокстан Токио Олимпиадасының қола жүлдегері Қамшыбек Қоңқабаев бірер күн бұрын «Спортшылар кеңесінің» спорт директоры қызметіне тағайындалды. Осы орайда 1bol.kz тілшісі спортшымен сұхбаттасып, жанкүйерлердің көкейіндегі сұрақтарға жауап алды.
Қоңқабаев жаңа қызметінде спортшылардың мүддесін қорғап, олардың мәселелерін шешуге атсалысатынын жеткізді.
«Бұл ұсынысты қуана қабылдадым. Себебі өзім боксшы болған соң, спорттан алыстамай, оның дамуына басқа қырынан үлес қосуға мүмкіндік туды деп ойладым. Негізгі міндетім – спортшылардың мүддесін абыроймен қорғау. Қарапайым тілмен айтқанда, спортшылар мен мемлекет арасындағы көпір болу. Бірінші кезекте спортшыларға қатысты өзекті мәселелерді көтеріп, оның шешімін табуға атсалысамын», – деді Қамшыбек.
Сондай-ақ ол ұлттық құраманың қазіргі деңгейіне баға берді. Қамшыбектің пікірінше, буын алмасқанына қарамастан, қазақстандық боксшылар ірі жарыстарда жоғары нәтиже көрсетіп жүр.
«Әр кезеңде құрама жаңарып, қатарға жаңа боксшылар қосылады. Дегенмен ұлттық құрама әр кез үздіктер қатарынан түскен емес. Қанша буын алмасса да, жігіттеріміз барған жарыстарында жоғары нәтиже көрсетеді. Соның бір мысалы – соңғы байрақты бәсекелерде жалпы командалық есепте топ жарып жүрміз. Бұл да қазақ боксының деңгейі жоғары екенін көрсетеді», – деді ол.
Қамшыбек соңғы сегіз жылда Олимпиада чемпионы шықпағанына тоқталып, бұл нәтиженің төмен болғанын мойындау керек екенін атап өтті.
«Қазақта “Бақ шаба ма, бап шаба ма?” деген жақсы сөз бар. Бабымыз болғанымен, бағымыз жанбады. Бұл – ақталғанымыз емес. Дегенмен нәтижеміздің төмен болғанын мойындауымыз керек. Қазір Федерация қателіктерді ескере отырып, жүйелі жұмыс жүргізіп жатыр. Оның нәтижесін 2028 жылғы Олимпиадада көреміз деп ойлаймын», – деді Қамшыбек.
Бұған қоса ол Азия ойындарына өз болжамын жасап, кемінде екі алтын жүлде күтетінін айтты.
«Құрамадағы алты спортшының бесеуі – әлем чемпионы. Сондықтан кімнің асығы алшысынан түссе сол жеңіске жетері анық. Менің ойымша, кемінде бір-екі алтын болады», – деді ол.
Сонымен қатар Қамшыбек аса ауыр салмақтағы резерв аз деген пікірмен келіспейтінін, бұл салмақтағы спортшылардың кеш жетілетінін айтты.
«Соңғы уақытта аса ауыр салмақта резерв аз деп айтылып жүрген пікірлермен келіспеймін. Талантты боксшыларымыз аз емес. Тек олардың ересектер сапына дейін жетіп, құрамаға дұрыс іріктелуіне көбірек көңіл бөлген дұрыс. Сондай-ақ үміт күттірер спортшылармен жеке-жеке жұмыс баса назар аудару керек. Себебі аса ауыр салмақтағы боксшылар кеш піседі», – деді ол.
Қамшыбек мансабын жеңіспен аяқтағысы келетінін, алдағы уақытта жақсы ұсыныс түссе, рингке қайта шығуға дайын екенін сөз етті. Ол өзінің байырғы қарсыласы Баходир Жалоловпен кәсіпқой бокста жұдырықтасуға ниетті.
«Черногорияға баруымдағы мақсат – жекпе-жек өткізіп, мансабымды жарқын жеңіспен аяқтау еді. Егер алдағы уақытта жақсы ұсыныстар болса, рингке қайта шығамын. Ал Баходирге тоқталсам, “жақсы ұсыныс” деген сөзді меңзегенімде, осы жекпе-жек бірінші кезекте тұр. Екеумізге кәсіпқой бокстан жекпе-жек ұйымдастырып берсе, оны тамашалайтын көрермендер аз емес деп ойлаймын. Бұл жекпе-жек бокс жанкүйерлеріне өте қызық болатыны сөзсіз. Баходир Жалоловпен жекпе-жек өткізуге дайынмын», – деді Қамшыбек.
Қамшыбектің айтуынша соңғы жылдары өзбек боксының қарқынды дамуына олардың еңбекқорлығы оң пайдасын тигізді.
«Жалпы, адамның өсуін тоқтататын бір ой бар. Ол – “Мен бәрін білемін” деген ой. Сырт көзбен қарап, көршілес Өзбекстан құрамасының дайындығынан түйгенім – олар үнемі ізденісте, дамып отырады. Әртүрлі әдістерді пайдаланып, жаңаша, заманауи форматта дайындалып, оны іс жүзінде қолданып, сынап көреді. Сондай-ақ екінші, үшінші нөмірлі спортшыларын жауапты, дүбірлі додаларға қосып сынайды. Солай олар өздерінің үздіктерін құрамаға іріктеп, жасақтай бастайды», – деді ол.