Ол Олимпиада туралы тым көп айтып кетті – Әлішер Ерғали Ризабек Айтмұқан туралы

Редактор
06.02.2024, 09:29

Қос балуан Қазақстан чемпионатының финалында күрескен болатын

Туризм және спорт министрлігі

Күрес түрлерінен Қазақстан чемпионаты аяқталды. Жарыстың соңғы күні еркін күрес шеберлері өзара мықтыны анықтаған болатын. Ең тартысты кездесу 97 келідегі финалдық белдесу болды десек артық айтпағанымыз.

Бұл белдесуде әлем чемпионы Ризабек Айтмұқан мен Қазақстан чемпионы Әлішер Ерғали күресті. Айта кету керек, Ризабек бұған дейін 92 келіде өнер көрсетіп, сол салмақта әлем чемпионы болған. Ал, Әлішер 97 келіде бұрыннан күреседі, осы салмақта ол Азияның күміс және қола жүлдегері, жастар арасында әлем чемпионатының қола жүлдегері атанған.

Осылайша, 97 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Қазақстан біріншілігін Әлішер Ерғали жеңіп алды. 10:6 есебімен алда тұрған Ризабек белдесу аяқталуға 30 секунд қалғанда жеңісті қолдан беріп қойды. Белдесуден кейін ел чемпионы өз қарсыласына қатысты пікірін де айтты.

«Мен әрбір қарсыласыма дайындалдым, нақты Ризабекке арнайы дайындық жүргізген жоқпын. Қазақстан чемпионаты басталардан 15 күн бұрын Дағыстаннан келдік, онда біз 18 күндік оқу-жаттығу жиындарын өтікздік. Махачкалада Абдулрашид Садулаевпен бірге жұмыс істедік.

Ризабек сөзсіз, әлем чемпионы. Бірақ ол соңғы кезде Олимпиада туралы көп айтып кетті де, ел чемпионаты болатынын ұмытып кеткендей», - деді Әлішер Ерғали Sport+ порталына берген сұхбатында.