Ресей спортшылары Олимпиада ойындарына тусыз, әнұрансыз ғана қатыса алады және парадқа шықпайды – ХОК

Редактор
20.03.2024, 00:47

Парижде Ресей мен Беларусь атаулары мүлдем қолданылмауы тиіс

Getty Images

Париж Олимпиадасы қарсаңында Халықаралық Олимпиада комитеті Ресей мен Беларусь спортшыларына бірқатар шектеулер енгізді. Бұл – Ресей әскерінің Украинада басқыншылық соғыс жүргізуіне, ал Беларусь билігінің оған көмектесуіне байланысты енгізілген шектеулер дейді ХОК өкілдері.

Ол қандай шектеулер?

1. Ресей мен Беларусь спортшылары Олимпиадаға өз елінің туымен қатыса алмайды. Оларға ХОК балама ретінде өзге ту ұсынды. Сондай-ақ, екі елдің спортшылары чемпион болған жағдайда әнұрандары да ойналмайды. Оның орнына ешбір сөзі жоқ әуен ойнауы тиіс.

2. Ресей мен Беларусь спортшылары Олимпиаданың ашылу салтанатына қатыспайды.

3. Қос елдің спортшылары жеңіп алған медальдар жалпыкомандалық рейтингте есепке алынбайды. Яғни, Ресей мен Беларусь деген атау Олимпиадада мүлдем қолданылмауы тиіс.

4. Париж Олимпиадасына Ресейден барлығы 55 спортшыдан артық қатыстырылмайды.

Айта кетейік, мұндай шектеулердің болатынын ХОК бұған дейін де ескерткен. Соған байланысты Ресейдің кейбір спортшылары Олимпиадаға ту мен әнұрансыз қатысудан өз еркімен бас тартып жатыр. Ал, Ресей бокс федерациясы бүгін ұлттық құраманың (бокстан) Парижге де, Олимпиадаға лицензия беретін іріктеу турниріне де қатыспайтынын ресми мәлімдеді.