«Тоқырауда жүр»: Таңатаров Қайпановтың жолдама ала алмауының себебін айтты

Редактор
21.05.2024, 20:15

Еркін күрестен Қазақстан балуандары 57, 65, 74 келіде жолдамасыз қалған

olympic.kz

Лондон Олимпиадасының қола жүлдегері Ақжүрек Таңатаров Стамбұлда өткен лицензиялық турнирде жолдамасыз қалған Нұрқожа Қайпановқа қатысты пікір білдірді.

Таңатаров 74 келіде өнер көрсететін Қайпановтың жеңілуіне психологиялық ахуалы себеп болғанын атады. 

«Нұрқожа еліміздегі ең талантты балуандардың бірі. 70 келі салмақта Азияны екі рет бағындырып, әлем чемпионатының финалына шықты. Меніңше, қазір Қайпанов тоқырауда жүр. Спортта мұндай нәрсе болады. Орысша «спад» деп айтып жүрміз. Нұрқожа неге тоқырауға кетті? Бұған да психологиялық қысым себеп. Ол олимпиадалық салмаққа ауысқан кезде 74 келіде Данияр Қайсанов, Нұрлан Бекжанов сынды мықты спортшылар күресіп жүрді. Қайпанов өзінің мықты екенін, нөмірі бірінші балуан болатынын ел ішінде дәлелдеуі керек болды. Одан кейін бұл салмаққа бейімделу де аз уақытта бола қоятын нәрсе емес. Осының бәрі Нұрқожаның психологиялық күйіне әсер еткен сияқты. Әлемдік жарыстарда да бұл салмақтың мықтылары өте көп. Ең беделді салмақ. Оңай емес», - деді Таңатаров Sport Plus Qazaqstan-ға берген сұхбатында.

Сонымен қатар, ол жолдама иеленген үш балуанды алдағы Олимпиада ойындарына дұрыстап дайындау керектігін алға тартты. 

«Қазір мен барлық мәселені жиып қойып, тек Парижге баратын үш балуанымызбен жұмыс істеу керек деп ойлаймын. Олимпиадаға дейін басқа жігіттерді демалысқа жіберу қажет. Бәрі ауылына барып, таза ауада тынығып, күш жинап, қымыз-шұбат ішіп қайтсын. Ал осы аралықта бапкерлер Олимпиадада бақ сынайтын Азамат Дәулетбеков, Әлішер Ерғали және Юсуп Батырмұрзаевпен ғана айналысуы тиіс. 20 бапкер болса, жиырмасы да бар ынтасын осы жігіттерге бағыттаса дұрыс болар еді. Өйткені, Олимпиада – өте қиын жарыс. Оның атмосферасының өзі не тұрады?! Бұл додаға өте жинақы, моральдық, физикалық және психологиялық тұрғыда дайын болу қажет. Спортшы үшін де, бапкер үшін де ең маңызды жарыс. Сол үшін бар ынта-жігерімізді осыған аударсақ деген тілек бар. Үш жігіттің де әлеуеті жақсы. Үшеуі де медальға таласа алады. Азамат екі әлем чемпионатынан жүлде алып, тұрақты күрес көрсетіп жүр. Әлішер мен Юсуп үшін Токио Олимпиадасының есесін қайтару маңызды. Екеуі де Олимпиаданың қандай болатынын көрді. Сондықтан, олар осы жолғы тартысқа тас-түйін дайын деп ойлаймын. Олимпиадада балуандар да аз, әрбір кездесу ерекше маңызға ие. Осы бір ғаламдық жарыста жігіттерімізге сәттілік тілеймін», - деді А.Таңатаров. 

Еркін күрестен Қазақстан балуандары 57, 65, 74 келіде жолдамасыз қалған еді. Өткен жылы әлем чемпионатынан кейін құрама балуандары Бішкек пен Стамбұлдағы сынға қатысып, тек 2 жолдамаға ғана қол жеткізді.