Енді мемлекеттік қызметшілер, әскери қызметшілер, арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлері, бюджеттік ұйымдардың басшылары бәс тіге алмайды
Мәжілістің жалпы отырысында ойын бизнесін, лудоманиямен күресті реттеуге арналған заң жобасы қабылданды.
Заңға сәйкес, букмекерлік кеңселер мен букмекерлік дүкендерді ғимараттардың, құрылыстардың және көліктердің сыртында жарнамалауға, сондай-ақ БАҚ, кино, видео және анықтамалық қызметтерде жарнамалауға толығымен тыйым салынады.
Алайда букмекерлік кеңселер мен букмекерлік дүкендердің орналасқан жерінде, спорт ғимараттарының ішінде, спортшылардың жабдықтарында, спорттық теле-радио арналарда, спорттық іс-шараларды көрсетуге мамандандырылған интернет-ресурстарда жарнамаға рұқсат етіледі. Бұл ретте отандық телеарналар халықаралық спорт жарыстарын тікелей трансляциялау кезінде букмекерлік кеңселер мен ұтыс ойынын жарнамалай алады.
Одан бөлек, ұялы байланыс операторларына халыққа құмар ойындар жарнамаланған мәтіндік хабарламаларды жіберуге тыйым салынған.
«Мемлекеттік қызметшілер, әскери қызметшілер, арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлері, бюджеттік ұйымдардың басшылары бәс тіге алмайды. Шектеу сонда шамамен 280 мың адамға қатысты болмақ. Олар үшін ешқандай ескерту болмайды. Бәс тіктің бе — бірден жұмыстан босатыласын», - дейді мәжіліс депутат Елнұр Бейсенбаев.