Абиба Әбужақынова қола үшін күресте ұтылды

Редактор
27.07.2024, 21:01

Отандасымыз швециялық 18 жастағы Тара Бабулфатқа есе жіберді

ҰОК

Абиба Әбужақынова Париж Олимпиадасын 5-орынмен аяқтады. Отандасымыз шешуші белдесуде швециялық 18 жастағы Тара Бабулфатқа есе жіберді.

Ол белдесу барысында жарақат алып, аяғының ауырсынғанын бірнеше рет байқатты. Алайда белдесу соңына таман ол өз мүмкіндігін жіберіп алды. Осылайша төртжылдықтың бас ойындарын 5-орынмен аяқтады. Айта кететін жайт, швециялық дзюдо биыл әлем чемпионатында үшінші орын иеленген.

Абиба бүгінгі белдесуінде Израиль, Тайпен дзюдошыларын айқын жеңді. Ал ширек финалда испан дзюдошысынан қосымша уақытта ұтылды. Жұбаныш белдесуінде Парагвай өкілін ұтқанымен, қола жүлде үшін белдесуде уыста тұрған жүлдені шығарып алды.

Бүгін ерлер арасында 60 келіде Елдос Сметов финалда Франция спортшысы Лука Мхидземен шеберлік байқасады. Бұл екі балуан Токио Олимпиадасында қола жүлдегер атанған.