Оны менен ешкім тартып алмайды – Илья Ильин Лондон Олимпиадасындағы чемпиондығы туралы

Редактор
05.08.2024, 01:31

Ол допинг қолданғанын осы күнге дейін мойындаған емес

olympic.kz

Пекин мен Лондонда өткен Олимпиада ойындарында чемпион болып, артынша допинг қолданғаны үшін атақ-даңқы кері қайтарылған ауыратлет Илья Ильин өзін Олимпиада чемпионы санайтынын мәлімдеді.

Бүгін – Ильиннің Лондон Олимпиадасында жеңіс тұғырына көтерілген күні. Араға тура 12 жыл салып даңқты спортшы өзінің Instagram-парақшасында жазба қалдырды.

«12 жыл бұрын жарқын да мықты жеңіс болды. Оны менен ешкім тартып алмайды. Бұл біздің жеңісіміз болды. Менің жеңісім болды. Жақындарымның, туған-туыстарымның және еңбегімді бағалайтындардың барлығы үшін жеңіс. Шарттар барлығына бірдей болды, мен жеңіске жеттім. Бәрімізді жеңісімізбен құттықтаймын, достар. Лондон 2012», - деп жазды ол әлеуметтік желіде.

Айта кетейік, Илья Ильиннің сынамасынан допинг табылғаны 2016 жылдың маусым айында белгілі болды. Алдымен оның Лондон Олимпиадасындағы алтыны кері қайтарылса, артынша Пекинде де тыйым салынған препарат ішкені анықталып, ол кездегі чемпиондығы да алынып тасталды.

Ауыратлеттің өзі допинг қолданғанын бүгінге дейін мойындаған емес. Десе де, Ильинмен бірге талай жарысқа қатысқан серігі – әлем чемпионы Алмас Өтешов жуырда ғана сұхбат беріп, ұлттық құрамада болған ауыратлеттердің бәрі күш беретін препараттар ішкенін мойындады.