Самоделкина 2023 жылдан бері Қазақстан атынан өнер көрсетуде
Жуырда ғана Қазақстан азаматтығын алған мәнерлеп сырғанаушы Софья Самоделкина Анкарадағы гран-приде сәтсіз өнер көрсетіп (төртінші орын), Ресей мамандары тарапынан сынға қалған болатын. Ал, әйгілі бапкер Татьяна Тарасова мен Илья Авербух Самоделкинаның Қазақстанға көшкенін құптамайтынын, сол үшін бұдан кейін оның өнерін тамашаламайтынын айтқан.
Олимпиада чемпионы Наталья Бестемьянова болса Тарасова мен Авербухтың бұл айтқанын екіжүзділікке балап отыр.
«Біріншіден, Софьяның нәтижесін неге сәтсіз дейді? Ол өте жақсы өнер көрсетті және өз бағдарламасын мінсіз орындады. Нәтижесі сәтсіз бе? Ол екі жылдай уақыт жүріп алды, мұны да есепке алу керек. Қазір кім көрінген мәнерлеп сырғанау туралы пікір айтатын болып кеткен. Ресейлік сарапшылар Самоделкинаның өнерін азаматтығын ауыстыруына байланысты тамашаламайтынын айтыпты. Дәл сол сарапшылар Дэвис пен Смолкинді Грузияға ауысып кетсе де жарыстарын жібермей қарайды. Бұл сонда екіжүзділік пе? Софья орыс және бұдан кейін де орыс болып қала береді. Оның жетістіктеріне қуанып, сәтсіздіктеріне алаңдауымыз керек», - деді Бестемьянова sport24.ru сайтына берген сұхбатында.
Софья Самоделкина 2023 жылдың тамыз айында Қазақстан азаматтығын алып, біздің ел атынан ірі жарыстарда өнер көрсете бастады.
Татьяна Тарасова – мәнерлеп сырғанаудан КСРО мен Ресейге еңбегі сіңген жаттықтырушы. Оның шәкірттері Олимпиада ойындарының жеті алтын медалін жеңіп алған.