Волейбол федерациясындағы дау: вице-президент төрешінің басын жарды

Редактор
01.06.2025, 14:09

Біраз күн бұрын бұл жайтқа еліміздің спорт қауымдастығы араласты

коллаж: 1bol.kz

Даулы оқиға Орал қаласындағы төрешілер мен Қазақстан волейбол федерациясының басшылары орналасқан қонақүйдің мейрамханасында сәуір айының ортасында болған.

Сол күні жергілікті «Жайық» ерлер командалары арасында ел чемпионы атағын екінші рет жеңіп алды. Ал мерекелік кешкі ас кезінде ҚВФ вице-президенті Ермек Сырлыбаев пен төреші Нұржан Өмірзақ арасында жанжал туындап, кикілжің барысында шенеунік төрешіге ыдыс лақтырып, оның маңдайын жарып жіберген. Кейін оқиға орнына полиция, жедел жәрдем шақыртылғанымен, бұл істі көп ұзамай жауып тастаған. «Бас жарылса, бөрік ішінде» дегенді жөн көретін әдет бойынша. Дегенмен өзінен кешірім де сұрауға жарымаған басшылықтың әрекетінен соң төреші полицияға арыз жазып, ҚВФ президенті Мәди Тәкиевке хат жолдапты. Айта кетейік, Такиев – Қазақстанның Қаржы министрі.

«Ешқандай дөрекі сөз айтқан жоқпын. Тек Ермек Әмірбекұлынан келесі жарысқа тағайындалуым туралы сұрағаным сол еді, ол бірден ашуланып, «мұндай сұрақтармен Айдос Ахметовке (ҚВФ бас хатшысы) және Ирина Қабылбековаға (төрешілерге жауапты менеджер) жүгін» деп айқайлай бастады. Мен: «Жақсы, түсіндім» дедім. Алайда Сырлыбаев мұнымен тоқтамай, мені балағаттап, қорқыта бастады.

Осы сәтте бас хатшы жағдайды реттемек болды. Алайда Сырлыбаев ашуын тежей алмай, бетіме бірнеше рет соққы жасап, жейдемді жыртып жіберді. Өміріме қауіп төнгенін сезіп, орнымнан тұрып кетпек болдым. Бірақ Сырлыбаев есіктің алдынан жолымды бөгеп, жібермей қойды. Амалсыз орныма жайғасып, оны елемеуге тырыстым.

Бір сәтте ауыр бір зат басыма тиіп, қан тоқтамай аға бастады. Мейрамхана қызметкерлеріне рахмет, жедел жәрдем келгенше көмектесті. Жараны тігіп берді. Полиция арыз жазуды ұсынған. Бірақ бас хатшы Айдос Ахметов арыз жазбауымды өтінді, мен көндім», - дейді ол.

Дегенмен төреші полицияға арыздану туралы шешім қабылдаған, сөзінше, осы жайттан соң оның денсаулығы күрт нашарлай бастаған.

«Үйге, Таразға келген соң, өзімді өте нашар сезіне бастадым. Денсаулығым күрт нашарлады. Өзі келіп кешірім сұрап, өкініш білдіріп, көмектесер деп ойладым. Алайда ондай ештеңе болған жоқ. Жаныма ең батқаны да сол. Тек телефон соғып: «ұмытайық, ештеңе болмағандай жүрейік» деді. Сірә, менің төреші ретінде оған тәуелді екенімді пайдаланған түрі. Бірақ бұлай болмайды.

Мен халықаралық дәрежедегі төрешімін, Қазақстанда ғана емес, Азияда да үздіктердің бірімін. Маған ғана емес, ешкімге бұлай жасауға оның хақы жоқ. Оның үстіне, сен – федерация басшысысың. Әлгі зат сәл төмен тигенде, бір көзім көрмей қалушы ма еді… Мұндай адамға спорт саласында орын жоқ. Ертең менің орнымда басқа біреу болуы мүмкін. Сол себепті мен Сырлыбаевты қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы арыз жазуға шешім қабылдадым. Енді бұл іспен құқық қорғау органдары айналыссын», - деді Нұржан Өмірзақ.

Ал Ермек Сырлыбаевтың бұл жайтқа қатысты өз айтары бар. Вице-президенттің сөзінше, сол кеште масаң күйде болғаү төреші қаржылық мәселелермен айналысып отырған бас хатшы екеуіне тиісе бастаған.

«Мен оған бұл мәселелермен басқа адамдар айналысатынын, мен қаржылық мәселелерге жауапты екенімді жеткізуге тырыстым. Ал ол «Онда ана орныңды неменеге отырсың? Бәріңді құрту керек» деп балағаттай бастады. Сөзге келмейді. Боқтық сөздердің түр-түрін айтып, тоқтар емес. Мұндайға қай ер азамат шыдасын?!» - дейді Сырлыбаев.

Ол арызданған төрешіге қарсы арыз дайынжап жатқанын да алға тартты.

«Маған БҚО полициясынан хабарласып, мән-жайды сұрады. Сол күні алған жарақаттарымды мен де тіркеп қойғанмын. Заңгерлерім екі бірдей қарсы арыз дайындап жатыр, бірі - жала жабуға қатысты. Кикілжіңнің қалай болғанын көрген бірнеше адам бар, олар сотта үнсіз қалмайды», - деп отыр ол.

Ал осыдан біраз күн бұрын бұл жайтқа еліміздің спорт қауымдастығы араласты. Олар Мәди Тәкиевтің атына ұжымдық хат жазып, Нұржан Өмірзақты республикалық төрешілер алқасының құрамынан шығаруды сұраған. Құжатқа 19 төреші мен ҚВФ-нің бас кеңсесінің 8 қызметкері қол қойған. Онда «Федерация қызметкерлері мен төрешілердің ар-намысына тиетін сөздер айтқаны үшін» деп көрсетілген.