
Екеуі де жыл басынан бері бірнеше жарыста жүлде алып, әлемдік рейтингтегі позициясын жақсартқан
Марокко астанасы Рабатта каратеден жылдың соңғы премьер-лигасы өтіп жатыр. Аталмыш жарыс нәтижесі бойынша «Grand-winner» яғни жылдың ең үздік каратешілері анықталды. Бұл сыйлық жыл бойы жоғарғы нәтиже көрсеткен спортшыларға беріледі.
Еліміздің атынан қос бірдей каратеші Мөлдір Жаңбырбай (-50кг) мен Әсел Қанай (-61кг) «Жылдың ең үздік спортшысы» атағына лайықты деп танылды.
Айта кету керек, Мөлдір Жаңбырбай бұл атаққа осымен екінші жыл қатарынан қол жеткізіп отыр.
Естеріңізге салсақ, Мөлдір Жаңбырбай осы жылғы алғашқы Париждегі премьер-лигада қола жүлде алса, Ханчжоуда (Қытай) күміс медаль еншілеген. Сонымен қатар, Ташкенттегі Азия чемпионатында да қола жүлде қанжығалаған еді. Ал, Әсел Қанай Париж бен Ханчжоуда күміс медальға ие болған. Азия чемпионатындп да алтынға бір табан қалған кезде сүрініп, үшінші орынды місе тұтты.
Рабатта өтіп жатқан турнирде Мөлдір Жаңбырбай топтық кезеңде малайзиялық Чандран Шахмалараниді жеңген болатын. Екінші жекпе-жекте әлем чемпионатының күміс жүлдегері (2023 ж) италиялық Эрминия Перфеттоға есе жіберіп, плей-оффқа шыға алмады.