Головкин басшылыққа келді, бірақ төрешілер былығы тоқтаған жоқ – журналист

world boxing
world boxing

Азия ойындарына барған қазақ боксшыларының тек екеуі ғана финалға шықты. Қыздар мен ұлдар құрамасынан барған барлық он боксшының сегізі жеңілді. Алайда, спорт журналисі Аслан Қаженовтің пікіріше, үш қазақтың жеңісі «ұрланған», яғни төрешілер тарапынан қиянат жасалған. Мұндай пікірін ол әлеуметтік желіде жазды.

Журналистің сөзінше, өзін бокс державасы санайтын Қазақстаннан Азия ойындарына бірде-бір төреші бармаған. Бұл – Геннадий Головкин басқаратын World Boxing ұйымына үлкен сын дейді ол.

«Головкиннің әлемдік бокс тізгінін алғанына бір жыл болды. О баста бәрі ашық әрі әділ болады, спортшылар құқығы қорғалады деген мәлімдеме жасалды. Бірақ, по-факту үш боксшымыздың жеңісі ұрланды. Көзінше ұрланды. Жүйе әлі реттелмеді. Төрелік әлі тазаланбады.

Төреші демекші, бұнда бірде-бір қазақ төреші жоқ. Гватемалла, Шри-Ланка, Аргентинадан алдырыпты. Ол елдерде жалпы бокс болып па еді? Ол елдерде біздің мамандарды сырып тастап, соларға акцент жасайтындай рефирилер бар ма еді? Азия елдерінен десеңіз, өзбегің бар, тәжігің бар, жапоның бар, бәрі төрелік етіп жүр. Қазақ қана жоқ. Бұл не масқара», - деп жазды Аслан Қаженов әлеуметтік желіде.

Оның пікірінше, қазақстандық боксшылар Виктория Графеева мен Наталья Богданова және Махмұд Сабырханның жеңісі «ұрланған». Қазақстан тарапы соңғы екеуінің жекпе-жегі бойынша наразылық білдіріп, ұйымдастыру алқасына шағым түсірген. Алайда, бұл шағым қаралған күннің өзінде жекпе-жек нәтижесіне еш әсерін тигізбейді.

Еске салайық, бұған дейін де Аслан Қаженов Геннадий Головкиннің жұмысын сынға алған болатын. Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитетін басқаратын даңқты боксшы қазақ спортшыларының сөзін сөйлемейді, жоғын жоқтамайды деп айыптады журналист.

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам