Біздің Telegram-ға жазылсаң, ақша ұта аласың! Сыйақы 5000 теңге! 👉

«Энфилд» фиаскосынан соң «Байер» Еуропа лигасының басты фаворитіне айналды ма?

13.04.2024, 00:16

Ливеркузендік клуб 43 матч бойы жеңілмей келеді

«Энфилд» фиаскосынан соң «Байер» Еуропа лигасының басты фаворитіне айналды ма?
Getty Images

Биыл негізі "Байер" командасына Құдай да қарасып тұр. Германия кубогынан "Бавария", "Лейпциг", "Боруссия Д" сияқты командалар ерте шығып қалып, леверкузендіктерге лайықты қарсылас қалмады. Енді финалда "Кайзерслаутерн" деген команданы қалпақпен ұрып алады.

Еуропа лигасында да осы жағдай. Басты фаворит – "Ливерпуль" кеше үйінде ойсырай жеңіліп, мерсисайдтардың жартылай финалға шығу мүмкіндігі қиындап кетті. Кешегі матчтан байқағаным – "Ливерпуль" басымдықты АПЛ-ға қойып отыр. Сондықтан Еуропа лигасына талақ айтып, ішкі чемпионатқа бел шеше кіріседі. АПЛ жеңгеннің мәртебесі де, ақшасы да, тарихи рөлі де жоғары.

"Байер" келесі турда тарихында бірінші мәрте Бундеслига чемпионы болады. 43 матч бойы жеңілмей, ХХІ ғасырдағы "Ювентус" рекордын жаңартады. Команда тоқтай ма десек, қайта өршеленіп ойнап жатыр. Өйткені, сәл босаңсыса Еуропа лигасынан қағылады (Хаби Алонсо мотивацияны қайдан алып жатқанын білмеймін, бірақ фармацевтер бір дәрі ойлап тапқан сияқты).

Енді мынаны айтайын, "Байер" маусым соңында қайта күшейіп жатыр. Виктор Бонифаце ауыр жарақатынан соң қатарға қосылды, Эсекиэль Паласиос та бабына келіп алды. Ішкі ротация мен бәсеке қайта күшейді. Бонифаце жоқта Шик шарықтап ойнап кеткен еді. Енді старттағы орын үшін қайта талас басталды.

Джереми Фримпонг сәл босаңситын болса, Натан Телла ізін аңдып отыр. Андрих тоқмейілсіп кететін болса, Паласиос алақанын ысқылап отыр. Қысқаша айтқанда, "Байер" сапында Флориан Виртц, Гранит Джака, Джонатан Та үшеуінен басқасының бәрінде бәсеке бар. Виртц – бундеслиганың үздік ойыншысы һәм Golden Boy атану үшін барын салады. Гранит Джака көзін ашқаннан лидер, ал Джонатан Та "Байер" десе барын салатын адам. Сондықтан олар қамшы салдырмайтын футболшылар. Хаби Алонсо бір жарым жыл ішінде осындай тегеурінді команда жасап шығарды. Оларды тоқтататын команда "Ливерпуль" ма деп едік, бірақ ағылшын клубын жартылай финалда көрмейтін сияқтымыз.

"Байер" требл алсын. Биыл трофей біткеннің бәрін алуға лайықты. Тілекшімін.

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам