Қыздар мен ерлер боксы теңеседі. Еркекшора бокшылар. Ұлттық құрамадағы интирига

"Арсенал" мен "Ливерпуль": екеуіне не жетпеді?

15.04.2024, 17:35

Англия чемпионатының тағдыры алдын ала шешілетін секілді

"Арсенал" мен "Ливерпуль": екеуіне не жетпеді?
Фото: Getty Images

Кешеге дейін "Манчестер Сити" командасының тағдыры "Ливерпуль" мен "Арсенал" нәтижесіне тікелей бағынышты еді. Енді "Сити" тағдыры өз қолында. Психология – тәжірибе – менталитет – тұрақтылық.

Кеше "Арсенал" да, "Ливерпуль" де матч тағдырын бірінші таймда-ақ шешіп алатын командалар еді. Бірақ екеуіне де бірдеңе жетіспеді... Ол не?

"Арсенал" 20 жылдан бері чемпион болмаған. Сын сағаты туғанда команда жанып кетіп жатыр. Былтыр да, биыл да сол жағдай.
Лондондықтарды алда "Челси", "Тоттенхэм", "Манчестер Юнайтед" командаларына қарсы матч күтіп тұр. "Астон Вилла" да тегеурінді қарсыластардың бірі еді. "Арсенал" бұл барьерден өте алмады. Неге? Өйткені чемпионға тән менталитет жоқ. Егер "Арсенал" бирмингемдіктермен бүгін тағы да ойнаса, жеңіп кетеді. Бірақ жоғалған 3 ұпай, келмеске кеткен шешуші матч.

Екіншіден, "Манчестер Сити" басқа клубтардың мотивациясын жойып бітті. АПЛ өте тартысты чемпионат болғанымен, жеме-жемге келгенде "Сити" чемпион болып кетеді. Германияда "Бавария", Францияда ПСЖ болса, Англияда – "Сити". "Интер" де "Ювентустың" гегемониясын әрең тоқтатты.

"Ливерпуль" де – дұрысы Юрген Клопп та "Сити" гегемониясынан шаршаған адам. Ойлаңызшы, 38 матчта бір-ақ рет жеңіліп, 97 ұпай жинайсың (2018/2019 ж.). Бірақ "Сити" 98 ұпаймен чемпион боп кетеді. Тағы да мойымай чемпиондыққа таласып, 92 ұпай жинайсың (2021/2022 ж.), бірақ "Сити" 93 ұпаймен чемпион болып кетеді. Бұл кімге болса да кері әсер ететін фактор. Басқа чемпионаттарда 90+ ұпаймен кәміл чемпионсың, бірақ Англияда емес. Өйткені, сен 100 ұпай жинасаң, 101 ұпай жинайтын "Сити" бар. Юрген Клопп осыдан шаршады. Трансфер, менеджмент тұрғысынан "Сити" озық тұр. Бірнеше жылға стратегия жасалған.

"Сити" чемпион болмас үшін 2019/2020 маусымдағыдай Жаңа жылға дейін ұпай саны бойынша ұзап кету керек. Үмітсіз қалдыру керек. Егер "қалалықтарға" сәл үміт сыйласаң, біттің дей бер. 

"Сити" биыл да чемпион болады. Чемпионға тән менталитеті бар команда маңызды матчта "Кристал Пэлас", "Астон Вилла" сияқты командалардан жеңілмейді.

Унаи Эмери деген – әккі бапкер. Биыл чемпионаттың І турында "Челси", "Сити", "Тоттенхэм" сияқты командаларды жеңген. Бірақ ІІ айналымда "Сити" мен "Тоттенхэм" өшін алды. Ал, "Арсенал" болса бирмингемдіктерден осымен екінші мәрте жеңіліп жатыр. Реванш – жоқ. "Арсенал" кеше соңғы минуттарда тайлы-тұяғымен шабуылдаймын деп 3 ұпайдан қағылды. Унаи Эмеридің де күткені сол болатын. Бос кеңістік пен контр шабуылды күтті. 80-минутқа дейін гол жібермесе, "Арсенал" қорғанысты ұмытып, тек алға ентелей беретінін түсінді. Футболда осындай төзім керек. Эмери мына түрімен "Астон Вилла" командасын үздік төрттікке кіргізіп, биыл Конференция лигасын жеңуі бек мүмкін.

"Ливерпуль" кеше қай жағынан да басым болды. Бірақ гол сала алмаған соң бәрі бекер. Команда бірінші болып гол жіберіп алған соң "Ливерпуль" ойыншылары кәрін төгіп, қарсыластың басына әңгір таяқ ойнатар деп ойлағанбыз. Бірақ "Энфилд" стадионында "Аталанта" командасынан 0-3 болып ойсырай жеңілгені психологиялық дақ қалдырған сияқты.

"Сити" әдеттегідей әлі үш майданда таласып келе жатыр – АПЛ, ЛЧ, Англия кубогы. Ешбір турнирге кейін қарап отырған жоқ. Өйткені, бір турнирге басымдық беру команданы жүрісінен, мотивациясынан айырады. Тонустан шығып қалады. Бар күшіңді бір турнирге бағыттау – артық қысым. Сондықтан, бәріне таласу керек.

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам