Ермаштың Бразилиядағы оқиғасы: 20 минут картинасыз тікелей эфир жүргізіп, Ұлттық арнаны "құтқарды"

Бұл күміс медаль алтынға пара-пар болып тұр – Мағжан Шамшадиннің бапкері

04.05.2024, 00:35

Ол тәжік дзюдошысынан жеңіліп қалды

Бұл күміс медаль алтынға пара-пар болып тұр – Мағжан Шамшадиннің бапкері
фото автордан

Қазақстандық дзюдошы Мағжан Шамшадиннің Душанбеде (Тәжікстан) басталған Grand Slam санатындағы турнирде күміс жүлдегер атанғанын жазғанбыз. Осы орайда жерлесіміздің бапкері Қален Қалиұлынан финалдағы жеңілістің себебін, Астанада өтетін аламанға даярлық жайлы сұрадық.

«Бұл – Мағжан Шамшадиннің Үлкен дулыға санатындағы жарыстарда алған төртінші жүлдесі. Ол былтыр Астанада алғаш рет өткен Qazaqstan Barysy Grand Slam-да жеңімпаз атанған. Ал 2022 жылы Тель-Авивте, 2023 жылы Тбилисиде қола жүлдеге ие болған.

Өздеріңіз білесіздер, Мағжан алты айдан бері жарысқа алғаш рет қатысып отыр. Операция жасатып, біраз емделді. Сондықтан бізге медаль керек еді. Мағжанның ұзақ үзілістен кейін өз-өзіне деген сенімі артуы үшін медальдің маңызды екенін жақсы білдік. Өйткені біраз уақыт емделген спортшыларға әдетте бабына келу қиын соғады. Жоспар бойынша да үздіктер қатарынан көрінеміз дегенбіз. 

Әрине, алтын алсақ деген үмітіміз де болды. Оған мүмкіндік те бар еді. Ол тәжік балуанын лақтырып ұтамын деп ойлаған, алайда қателікке жол беріп, екінші орын иеленді. Көңіл-күйі түсті, әнұранымызды шырқатамын деп еді. Екеуміз сөйлесіп, бұл медальдің маңыздылығын түсіндірдім. Дәл қазір осы күмістің өз бізге алтынға пара-пар болып тұр. Олимпиадалық 700 ұпайды жеңіп алдық, бұл әрі қарай жұмыс істеуімізге күш береді», - дейді Мағжан Шамшадиннің бапкері.

Бапкер тәжікстандық жанкүйерлердің спортқа деген қызығушылығына да жоғары баға бере кетті:

«Бұрын Францияда 10 мың, Өзбекстанда 5 мың жанкүйер жиналады деп, соларға қызығатынмын. Тәжікстанға жарысқа алғаш рет келіп тұрмын. Бүгін жергілікті жанкүйерлердің қолдауын көріп, олар Франциядағы 10 мың көрерменнен де асып кетеді екен деген ой түйдім. Атмосфера деген керемет! Жалпы, осы жарыстан соң ұйымдастыру жағынан біраз ел үлгі алатын шығар», - деді ол.

Қален Қалиұлынан бір аптадан соң Астанада өтетін Qazaqstan barysy Grand Slam-ге жоспары жайлы да сұрадық. Себебі бұл турнирде 60 келіде төрт бірдей дзюдошымыз бақ сынайды.

«Астанадағы турнирге де өз жоспарымыз бар. Жарыс бүгін аяқталды, ертеңнен бастап жаттығуға кірісеміз. Уақыт тығыз, сондықтан қарап отыруға болмайды. Психологиялық тұрғыда да, физикалық тұрғыда да оңай болмайды. Алдын ала дайындалған жүйемен жұмыс істейміз. Ал елге 7 мамырда ораламыз, оған дейін Душанбеде жаттығу жасай береміз. Елордада жанкүйерлерімізді жерге қаратпай, керек медаліміз бен ұпайымызды аламыз деп үміттенеміз», - деді бапкер.

Айта кетейік, Мағжан Шамшадин Душанбедегі финалда татами иесі Мұхаммедсолех Кубатовқа жол берді.

Сұхбаттасқан Мадина Асылбек

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам