Жаңа конкурс! Видеоны көріп, конкурстың шартымен танысып 5000 теңге ұтып ал!

«Реал» – «Бавария» матчы жайлы

10.05.2024, 11:47

Немістер неге жеңілді?

«Реал» – «Бавария» матчы жайлы
Getty Images

Бірден айтайын, "Реал" басым болды. Әсіресе, Винисиус сұрапыл. Киммих пен Де Лигт бірігіп ұстай алмады. Жалпы, матч тағдырын Хоселу шешті деп отыр ғой, бірақ екі матчтың үкімін Винисиус шығарды. 

"Реал" жартылай финалға дейін "Лейпциг", "Сити" командаларына қарсы дәл былай мықты болған жоқ. Бірақ мюнхендіктерге қарсы екі ойында да басым болды.

Психология - әдеттегідей, физика - шыңында. Павлович 90-минутта сілекпесі шығып жүр, ал Беллингем матч соңында алаңға жаңа шыққандай күйде жүр.

Винисиус тағы 90 минут шабуға дайын жүр, ал Лерой Сане екінші тайм ортасынан ауғанда шаршап қалды.

"Бавария" сапында жанып тұрған екі ойыншыны көрдім: Альфонсо Дэвис, Конрад Лаймер.

Мадридтіктердің тағы бір басымдығы - ротация күшті. Екінші таймда алаңға Модрич, Камавинга, Диас, Милитао сияқты ойыншылар шықты (тіпті Хоселу Шупо-Мотингтен көш ілгері форвард) "Бавария" сапында ойынға импульс беретін мұндай ойыншы жоқтың қасы.

Томас Тухельдің қателігін де айтайық. Алаңда идеясы бар, контр шабуылдың бәріне араласып жүрген Харри Кейнді алмастырып тастады. Ол кеткен соң "Бавария" командасында бір контр шабуыл болды.

Алаңға Ким Мин Жэ шыққан соң қорғаныста баланс бұзылды. "Бавария" қорғанысқа ерте көшті. Бірақ кім кімді жабатынын ақылдасып үлгере алған жоқ. Корей қорғаушысы Мюнхендегі матчты "жығып" берген қорғаушы (Кросс пас бергенде Винниден көз жазып қалды және 82-минутта пенальти әкелді), кеше де қорғанысқа көмегін емес, кесірін тигізді.

Тағы бір фактор - Ману Нойердің өрескел қателігі. Нойер 88-минутқа дейін мінсіз матч өткізді. Неміс қақпашысы мұндай қателікті карьерасында 2-3 рет қана жіберген шығар. Бірақ ол өте маңызды сәтте сыр берді. Матчтың үздік ойыншысы атануға сәл қалғанда "сынып" қалды.

Кешегі даулы эпизод туралы айтсам. Үкім айтудан аулақпын, бірақ төреші бірден ысқырық шалмай, эпизодты соңына дейін ойнатуы керек еді. Ысқырық шалынғаннан кейін Милитао да, Лунин де допқа ұмтылмады. Эпизодты соңына дейін ойнатқанда ол гол мүмкін салынбас та еді.

Винни бабында. Анчелоттиде джокерлік жүріс жасауға жететін скамейка бар. "Реал" ЛЧ турнирі ғылымдарының докторы, әбден ысылып алған. "Реалды" тоқтату үшін былтырғы "Сити" сияқты (4:0) ойнау керек. Үмітін үзу керек, тұншықтыру керек, бас көтертпеу керек. Ол қолыңнан келмесе, "Реал" кешегідей дегенін істейді.

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам