Екеуі бес рет күресіп, бесеуінде де жапон дзюдошысының мерейі үстем болды
Дзюдодан Токио Олимпиадасының чемпионы жапон Наохиса Такато өзінің сүйікті ісіне бет бұрды. Ұзақ жылдар бойы Жапония ұлттық құрамасында 60 келіде белдескен ол әлемнің үздік спортшыларының бірі болған еді.
Өткен жылы Токиода өткен Гранд Слэм турнирінде өзінің отандасы Нагаямадан ұтылған Такато биыл Париж Олимпиадасына бармайды. Құрамадағы негізгі орнынан айрылған ол қазір сүйікті ісі – фотосурет түсірумен шұғылданып жүр.
Әлеуметтік желіде өзі түсірген суреттерін жиі жариялайтын оның табиғатқа жаны құштар екенін аңғару қиын емес. Ол Токио көшелерімен қатар, жаттығу залындағы әдіс-тәсіл жасаған сәттерді де суретке жиі түсіріп, көпшілікке ұсынған. Сонымен қатар, үй жануарларын да обьективтен тыс қалдырмайды.
Такато дзюдодан тыс суретке ден қойса, демалған сәтте сыра ішуге де кет әрі емес. Ол жапон сакесін, өзге де ішімдіктерді жиі тұтынатынын бұған дейін бірнеше рет байқатқан. Тіпті, әлеуметтік желінің тікелей эфирінде сыра ішіп отырған сәтін жанкүйерлер бірнеше рет байқаған.
Наохиса Такато 60 келіде көптеген жетістікке қол жеткізді. Ол Рио Олимпиадасында қола медаль еншіледі. Ал Токиода топ жарды. Әлем чемпионатын үш рет ұтты. Ал, Сметовпен бірге жастар сапында жүріп талай жарыста қатар күресті. Айта кететін жайт, Елдос Сметов Такатомен үлкен жарыстарда 5 рет күресіп, барлығында жеңілді. Такатоны қазақ жанкүйерлері Сметов ала алмаған қамал ретінде жақсы таниды.