Ламин Ямал деген вундеркинд футболға құбылыс болып келді
Футбол әлемге Ламин Ямал дейтін вундеркиндті сыйлады. Жұмыр жердегі нөмір бірінші спортқа осындай құбылыстар келмесе, футбол бұрынғы сиқырынан айырылып, спорттан гөрі индустрияға жақын – өнерден гөрі маркетингке бейім кейпі басым болып барады. Сондықтан футболдың ұлылығын сақтау үшін феномендер керек.
Бұрын әр футболшы кесек тұлға еді. Алаңда абадан көкжалдай күжірейіп жүретін Гаттузо, аяғы жетпеген жерге тілі жететін Матерацци, "шылымқор" Платини, "нашақор" Марадона, қызқұмар Джордж Бест, алқаш Гаскойн, тарпаң мінезді Эрик Кантона, өктем Рой Кин, жанкешті Мальдини, зерделі Зидан, гламур Бекхэм, гладиатор Тотти, ұшпайтын Бергкамп, заңғар Златан, сиқыршы Роналдиньо...
Беріде дүлей Рамос, мисыз Балотелли, жалқау Азар... Осылай кете береді. Әрқайсы талантынан бөлек ерек тұлға болатын.
Қазіргі футболшылардың дені талантты болғанымен, өзіндік "мені" жоқ. Уақытымен ұйықтайтын, заң бұзбайтын, дұрыс тамақтанатын, желіде белсенді, әр сөзін аңдып айтатын, қалыптан шықпайтын "тәртіпті" футболшылар.
Өйткені заман басқа. Секірсең сексист, қисайсаң расист, гүрілдесең гомофоб атанасың. Сол үшін бәрі сауысқаннан сақ. Репутацияң бұзылса рекламадан қағыласың, ойыңды ашық айтсаң клубтан шеттетілесің. Имидж үшін именіп, маркетинг үшін мипазданып жүргенің сол...
Енді Криштиану мен Месси бутсыйын шегеге ілсе, футболда бұрынғыдай ұлылық қала ма? Футболдан қос алып кетсе, жаңғырығы шартарапқа бұрынғыдай естіле ме?
Қайталап айтам, футбол ұлылығынан алыстап барады. Таразы басына тактика шықты. Өнер маркетингтен кейін тұратын болды. Матч көп, магия аз. Ақша көп, абадандар жоқ. Қазір футбол емес, матчтан кейінгі экс-футболшылардың сараптамасы қызыққа айналды.
Осындайда Ламин Ямал деген вундеркинд футболға құбылыс болып келді. Елдің аузында сол, газет бетінде сол, букмекер жарнамасында сол, ФИФА мұқабасында сол. Жап-жас Ямал тек футболға емес, маркетингке де азық болып жатыр.
Ламин Ямал менің де көңілімнен шықты. Болмысы бөлек, жүрісі ерек. Өзі бала болғанымен, ойыны есейген. Шоу үшін дриблингке бармайды, әр қадамы өлшеулі. Зерделі. Ойынды сезінуі, алаңды көруі ғаламат. "Ақынның құлағы өзінен қырық жыл бұрын туады" демекші, Ламин Ямал физикалық тұрғыда зумерлердің замандасы болғанымен, ақыл-ойы бумерлердің құрдасы сияқты. Іркілмейді, жол тауып шығады. Аяғына доп тигенін күтпейді, теңбіл доп магнитше өзі тауып келеді. Менмұндалап тұрмайды, керек болса қорғаныстан допты жұлып шығады. Қимылында магия да, мазмұн да бар. Қысымды сезбейді, мақтауға мастанбайды. Беталды көпірмейді, ашуланса ешкімге секірмейді. Артық күшенбейді, бірақ оңай берілмейді. Мінсіздікке емес, кемелдікке ұмтылады. Кумирі көп болған, бірақ ешкімді қайталамайды. Жап-жас болса да байсалды, бала болса да бәле!
Арсеналында айла-тәсіл көп. Бірақ бәрін ашпайды. Гол салуға көп ұмтылмайды, голеадор рамкасынан шыға алмай қаламын деп қауіптенеді (онысы әбден жөн). Есесіне, қандай пастар береді. Жұрттың баласы әбден толысқанда беретін тривелла пастарды бұл матч сайын үлестіріп жүр.
Ямал 17 жасында Испания құрамасы мен "Барселона" клубының бүгіні, ертеңі екенін біледі. Бірақ сыртқа көрсетпейді. Футболдан тыс бала кейпін сақтағанымен, алаңда бэкграунды бай футболшы сияқты әрекет етеді. Расымен феномен.