Чемпиондар лигасы: «Фейноорд» сенсация жасайды. «Аталантаға» қиын. «Бавариядан» көп гол күтпейміз

Болашақ Агуэро? Дастан Сәтпаев. Үміт. Болжам

Бүгін, 12:00

Келісімшарт 2026 жылы – Дастан 18 жасқа толғанда күшіне енеді

Болашақ Агуэро? Дастан Сәтпаев. Үміт. Болжам
коллаж: Azattyq-Ruhy

"Челси" клубы қазақстандық вундеркинд Дастан Сәтпаевты сатып алғаны туралы ақпарат расталды. Қайрат Боранбаев кеше өзі сүйінші сұрады. "Қайрат" басшысы трансфер құны қанша болатынын ашып жазған жоқ. Бірақ келісімшарт 2026 жылы – Дастан 18 жасқа толғанда күшіне енеді (Әдетте "Челси" жас футболшыларға бес жылдық келісімшарт ұсынады). Ал, Дастан 18 жасқа 2026 жылдың 12 тамызында толады.

Бұған дейін атақты инсайдер Фабрицио Романо лондондық "Челси" Дастан Сәтпаевтың трансфері үшін 4 млн еуро төлеуге дайын екенін жазған еді. Бірақ бұл сомаға күдік басым. 

Неге дерсіз. Былтыр "Челси" Ла Масия түлегі Марк Гиу деген шабуылшыны сатып алды. Ла Лигада үш матч өткізіп, Хавидің тұсында дебют жасаған талант. ЛЧ (1 гол), ЛаЛига (1 гол), Испания кубогы (1 гол) аясында гол салып үлгерген шабуылшы. Қазір Ла Масия түлектері қалай атой салып жатқанын ескерсек, ақылға қонатын инвестиция. Міне, осындай футболшыға бас-аяғы 6 млн еуро төледі. 

Ал, Дастан Сәтпаев "Қайрат" академиясынан шықққан. Ла Масия басқа, "Қайрат" академиясы басқа. Оның үстіне, Дастан ҚПЛ немесе Еурокубок сияқты үлкен додаларда емес, QJ League турнирінде ысылды. Марк Гиу "Челси" негізгі командасына ротация үшін дайын футболшы болып барса, Дастан Сәтпаевты әлі нендей болашақ күтіп тұрғаны белгісіз. 

Қош делік. Ең бастысы, қазақстандық вундеркиндтің аман-есен Кобхэмге көшуі. Әлі бір жарым жыл уақыт бар. Тағатсыздана күтеміз. 

Жалпы, "Челси" академиясы талай футболшының бағын ашқан. Алысқа ұзамай-ақ Джамал Мусиала (Бавария), Натан Аке (Манчестер Сити), Деклан Райс (Арсенал), Тэмми Абрахам (Милан), Мэйсон Маунт (Манчестер Юнайтед), Рис Джеймс (Челси), Андреас Кристенсен (Барселона), Доминик Соланке (Тоттенхэм), Рубен Лофтус-Чик (Милан) деген тізімді еске алайық... Тізім осылай кете береді. Біз айтпаған талай футболшы бар. Қазір ағылшын клубтарының бәрінде "Челси" академиясынан шыққан кемі бір футболшы ойнап жүр. 

Одан бөлек, 18 жасында "Челси" жейдесін киген Ромелу Лукаку, Кевин де Брюйне, Тибо Куртуа сияқты бельгиялық таланттар бар. Скотт Маклахлен бастаған "күреңбайкөзді" скауттар әлгі үшеуінің талантын жазбай танып, кейін бәрін басқа клубтарға жалға беріп отырды. Түбі ТОП футболшылар өсіп шықты. 20 жасында "Челси" клубына көшіп, кейін "Бенфика" сапында жарқыраған Неманья Матич деген футболшыны да бұл тізімге қосыңыз. 

Енді Дастан Сәтпаевты да осындай даңғыл жол тосып тұр, деп үміттенемін. "Челси" сатып алған ойыншының бәрі лондондық клубта ойнайды, деген кепілдік жоқ. Бұған Лондонға "екінші Кака" болып келіп, кейін аренда жағалап кеткен Лукас Пиазон сияқты футболшылар дәлел ("Челси" сапында бір ғана матч, үміт ақталмады). 

"Челси" негізгі құрамында бірден ойнап кету үшін Неймар, Ямал сияқты сұрапыл талант болуың керек. Қазір Жоау Феликс (Golden Boy "Милан" клубына жалға берілді), Кристофер Нкунку сияқты әлем мойындаған таланттардың өзіне старттан орын бұйыра бермейтінін ескерсек, көп дүние күтпейік. Бірақ үміт үзбейік.

Жалпы, Дастан Сәтпаев 2024 жылдың қарашасында "Челси" базасында болып, бапкерлік штабтың көңілінен шыққан. Тіпті, қазақ футболшысының ойын мәнеріне жіті назар аударған скауттардың бірі Дастан Сәтпаевты аргентиналық Серхио Агуэроға ұқсатқан-мыс.

Дастан туралы видео үзінділерді көріп, "лондондық скауттар дәл байқаған екен" деген ойға келдім. Байқағаным, шабуылдың барлық нүктесінде ойнай береді. Серхио Агуэро да жас күнінде "Атлетико" сапында солай ойнайтын. Екі аяғы да іске жарамды, қос аяғымен де гол сала береді. Екеуінің физикалық бітімі де ұқсас. Орта бойлы, шымыр денелі. Агуэроның бойы 173 см болса, Сәтпаевтың бойы 170 см. Әлі бозбала екенін ескерсек, бірер жылда қуып жетеді.

Өзіне сенімді. Дриблингке қорықпай барады, алаңдағы жағдайды толық бағамдайды. Қай кезде ашылып, қай кезде күш қосуды біледі (бәрі видео үзінділерден байқағаным). 

Бапкерлердің айтуынша, Дастан Сәтпаев қазірдің өзінде ересектер арасында ойнауға дайын. Тіпті, 2024 жылы "Қайрат" негізгі құрамында дебют жасап, әр минутын сәтті өткізді. 

Енді биыл "Қайрат" негізгі құрамына жиі қосылып, 18 жасқа толғанша ересек футболдың дәмін татып, вундер баланың алматылық клубтағы интеграциясын сәтімен жүзеге асыру міндеті тұр. 

2026 жылдың тамызына дейін не істеуі керек? Ауыр жарақат алмай, "Қайрат" сапында өзін жан-жақты көрсетуі керек. ҚПЛ мен Еурокубок матчтарында әр минутын өнімді өткізуі керек. Ағылшыншасын ілгерілетіп, скилдарын дамыту керек. 

"Қайрат" U-17 құрамын жаттықтыратын аға бапкер Русланжан Райымбакиев вундер бала жайлы жақсы пікір айтыпты. 

"Тәртіпті, тәрбиелі бала. Ол үшін ата-анасына алғыс. Үй тапсырмасын мүлтіксіз орындайды, командада да сыйлы. Жаттығудан кейін де үнемі қалып машығады. Үйіне кеш қайтады. Тіпті, тыйым салсақ та, артынан тығылып жаттығады", депті. 

Сенім. Үміт. Тілек. Абырой

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам