Клопп және мұрагер

27.01.2024, 23:17

Әйгілі бапкер маусым соңында "Ливерпульдан" кететінін мәлімдеді

Клопп және мұрагер
Фото ашық дереккөзден

Хаби Алонсо бәріне ұнайды. "Байер" ойыны да, Хаби ұстанған футбол мәнері де жақсы.

Бірақ...

Юрген Клопп артына трофеймен қаланған тарих қалдырып кетті. Бұл "Ливерпуль" бас бапкері болатын кез келген маман үшін ауыр жүк. Қысым көп болады, салыстыру қарша борайды. Әлемдік медиа Англия футболын майшаммен қарайды. Сондықтан, Хаби Алонсо үшін әлі ерте. Кезінде Андре Виллаш-Боаш та жарқырап шыққанда, бәрі оның "талантына" сеніп қалды. Хаби Алонсо да "Байер" сапында әлі қиындыққа тап келген жоқ (міндетті түрде проблема болады). Оны шешу керек. Нәтиже барда, ойын жүріп тұрғанда бәрі жақсы.

Хаби Алонсо қазір жақсы келе жатыр. Бірақ әлі маңызды трофей жеңе алған жоқ. "Байер" клубының қазіргі перформансына "Бавария" командасындағы дағдарыс та әсер етіп отыр.

Биыл бундеслиганы жеңсе, Германия кубогын алса, Еуропа лигасын қанжығасына басса, чемоданын жинап Леверкузен - Ливерпуль бағытына билет алса болады.

Бір жақсысы "Ливерпуль" басшылығы бапкерлерге уақыт береді. Команда жасақтауға, идеясын асыруға мүмкіндік жасайды. Бірақ уақыт беру мен карт-бланш айырмашылығы бар.

Тағы бір кандидат - Юлиан Нагельсман

Нагельсман клуб іздеп жүр. Биыл Германияда өтетін ЕУРО - үлкен сынақ. Құрама өз жерінде жеңсе ТОП клубтар шақырады, қолынан келмесе "Лейпциг" сияқты клубтардың біріне барады.

Нагельсман - талантты бапкер һәм менеджер. Юрген Клопп стилін жалғайтын адам. Жаңашыл, физикалық жаттығу үшін озық технологиялар пайдаланады. Аздап псих: бұл Тухель, Клопп сияқты неміс мамандарына тән мінез.

Де Дзерби - трофейсіз талант

"Брайтон" мықты ойнайды. Де Дзерби жастармен жақсы жұмыс істейді. Қолда бар ойыншыларын ұтымды пайдаланады. Энергиясы тасып тұр. Бірақ Клопп киген тәж Де Дзерби үшін ауыр болуы мүмкін.

Пеп Лейндерс - ең дұрыс кандидат

Юрген Клопптың асситенті, 2018 жылдан бастап бапкерлік штабтың миы, драйвері болған.

2018 жылы Юрген Клопп пен оның ұзақ жыл сенімді серігі болған Желько Бувач арасында жанжал болып, неміс маманы ассистентін командадан қуды. Бәріне себеп - Пеп Лейндерс. Юрген Клопп 18 жылдан бері көлеңкесіндей болған Желько Бувачты емес, "Ливерпуль" жастарын жаттықтырып, кезінде Роджерске көмекші болған Пеп Лейндерсті көп тыңдайтын болған. Клопп қателескен жоқ, есесіне Бувач кетіп, оның орнын Лейндерс басқан соң командаға трофей келе бастады.

Меніңше, осы Пеп Лейндерске "Ливерпуль" тізгінін ұстату керек. Осы команданың негізін қалағандардың бірі.

Бұл туралы не ойлайсыз?
Ұнайды 7
Ұнамайды 0
Күлкілі 4
Ашулану 0
×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт
Жаңа Подкаст! / Қазақ баласы қашан NHL-да ойнайды?