
Елордалық клуб биыл жеңілістен көз ашпай келеді
«Астана» баскетбол клубы соңғы бірнеше жылдан бері ВТБ Біріккен лигасында сәтсіз өнер көрсетіп келеді. Десе де, соңғы маусымдағы нәтижесі тым төмен: барлығы 32 матч өткізіп, оның 31-де жеңілген. Клуб тарихында бұрын-соңды мұндай антирекорд болмапты.
Мұндай дағдарысқа не себеп? «Астана» жанкүйерлерін қашан қуантады? Клуб легионер сатып алмай жоғары жетістікке жете ала ма? Бұл сұрақтардың жауабын білу үшін клубтың бас директоры Самсон Аракелянмен сұхбаттастық.
– Самсон Геворгович, өзіңіз білесіз, былтыр Антикор «Астана» президенттік кәсіби клубына қараған командалардың жаратқан қаржысы туралы ақпарат жариялады. Оның ішінде Сіз басқарып отырған баскетбол командасы да бар. Осы ақпараттан білгеніміз, «Астана» БК соңғы алты жылда «Самұрық Қазынадан» 8 млрд теңге алып жаратыпты. Егер бұл қаражатты алты жылға бөліп тастасақ шамамен 1,3 млрд теңгеден келеді екен. ВТБ лигасында өнер көрсетіп жатқан клуб үшін бұл қаражат көп пе, аз ба?
– Алты жыл ішінде 8 миллиард теңге – бір қарағанда үлкен сома болып көрінуі мүмкін. Алайда, кәсіби баскетбол үшін, әсіресе ВТБ Біріккен лигасында жоғары деңгейде толыққанды бәсекеге түсу үшін бұл қаражат жеткіліксіз. Егер ресейлік клубтармен салыстыратын болсақ, мәселен ЦСКА, «Зенит» немесе УНИКС сияқты топ-командалардың бюджеті «Астананыкінен» бірнеше есе асып түседі. Бұл клубтардың әрқайсысының жылдық бюджеті 10 миллиард теңгеден жоғары. Тіпті турнирлік кестенің ортасында жүрген клубтардың да бюджеті бізден әлдеқайда жоғары.
Маңыздысы – бұл қаражат тек ойыншылардың жалақысына ғана емес, халықаралық ВТБ және WASL лигаларындағы, Қазақстан чемпионаты мен Кубогындағы матчтарды ұйымдастыруға, әуе жолы қатынасына жұмсалады. Ал соңғы үш жылда негізгі команданың бюджетінің едәуір бөлігі жастар баскетболын дамытуға және толыққанды Академия құруға бағытталды.
– Қазір клубта алты легионер жүр. Егер олардан пайда болмаса соншама ақша шығындап не керегі бар?
– Команда құрамы қолжетімді бюджет пен нарықтық жағдайларға сәйкес жасақталды. Өкінішке қарай, маусым басталған кезде біз екі негізгі ойын үйлестірушіні жоғалттық – TJ Starks ауыр жарақат алып, ота жасатты. Енді ол тек наурыз айында оралуы мүмкін. Ал Markell Johnson Қытай клубына ауысып, біз ұсынғаннан бес есе жоғары жалақы алды. Бұл ойыншылар біздің шабуылды ұйымдастырып, ұпай жинауға жауапты еді.
Біз оларды алмастыратын жаңа ойыншылармен келісімшарт жасасуға дайын болдық. Алайда, легионерлерге қатысты жаңа заң жобасы енгізілгендіктен, бізден жаңа трансферлерден бас тартып, осы позицияларда жергілікті жас ойыншыларға мүмкіндік беруді сұрады. Бұл, әрине, нәтижеге әсер етті. Соған қарамастан, біз құрамды дамыту және жағдайдан шығу жолдарын іздеуді жалғастырып келеміз.
– Қазіргі маусым да аяқталуға жақын ғой, енді сіздерге келесі маусымды ойлаған дұрыс болар. Егер легионер алуға рұқсат бермесе «Астанының» жағдайы қалай болмақ? Клубтың сол мемлекеттен алатын қаржысынан басқа табысы жоқ па?
– 2022 жылға дейінгі «Астана» БК-ның басқа көздерден алған кірісінің нақты санын айта алмаймын. Бірақ, мен басшылыққа келгеннен бері клубтың SportQory спортты қолдау қорының көмегінсіз алған қосымша табысы маусымына орта есеппен 200-250 миллион теңгені құрады.
Бұл сома ВТБ лигасының алғашқы сегіздігіне ену үшін легионерлер алуға әзер жетеді. Дегенмен, біз бұл қаржыны арттырудың нақты жоспарын жасадық және оны жүзеге асыруға болады.
Менің ойымша, халықаралық турнирлерге қатысатын клубтар үшін легионерлерге белгілі бір лимиттер немесе квоталар белгілеу мәселесін қарастыру қажет. Себебі, басқа елдерден қатысатын командалар жоғары деңгейлі легионерлермен ойнайды, ал біз олармен теңесе алмай қаламыз.
Дегенмен, клуб өз табысын өзі табуға үйренуі керек деген пікірмен келісемін. Бұл заң спорттағы маркетингтік жұмысты күшейту үшін үлкен мотивация береді. Нәтижесінде тек жанкүйерлер үшін қызықты кәсіби спорт түрлері ғана өмір сүреді. Бұл да белгілі бір тұрғыда әділ шешім.
– Биылғы маусым осылай жеңілістен көз ашпай аяқтала ма, әлде маусым соңында жанкүйерлерді бір қуанта аласыздар ма? Биылға тығырықтан шығудың жолдарын қарастырып жатырсыздар ма?
– Бізде қазір ұялатын ешнәрсе жоқ. Біздің басты миссиямыз – қазақстандық ойыншылардың құрамын жаңарту, ал ВТБ Кубогы үшін күресу – дәл қазіргі біздің мақсатымыз емес. Қазіргі бюджетпен ВТБ – бұл біз үшін тек ойыншыларды дамытуға арналған құрал.
Мені 2022 жылы «Астанаға» қазақстандық ойыншылармен жұмысты жақсарту, академия құру және негізгі құрамды жаңарту үшін шақырды. Біздің мақсатымыз – бұрынғыдай жасы үлкен ойыншыларға сену емес, жаңа буынды дайындау.
Бұл бағытта жүргізілген жұмыстың айқын көрсеткіштерінің бірі – 2022 жылы Қазақстан Кубогында «Астананың» жеңілісі. Соңғы үш жыл ішінде сол құрамнан тек төрт ойыншы қалды. Ал 2024 жылғы Қазақстан Кубогында команданың 12 ойыншысының 8-і 22 жасқа толмаған жастар болды. Біз бұл турнирді жастар құрамымен жеңіп алдық және мен мұны өз командамның жұмысының тамаша нәтижесі деп санаймын.
Соңғы екі маусымда ВТБ лигасында қазақстандық алты жаңа ойыншы дебют жасады, олар: Сәрсенғалиев, Оразбеков, Абашидзе, Исаенко, Симонов және Пестов. Оразбеков ВТБ тарихында қазақстандық ойыншылар арасындағы бір матчтағы нәтижелі пас бойынша рекорд (11 пас) орнатты. Ал 17 жастағы Пестовтың ЦСКА-ға қарсы дебюті біздің баскетбол тарихындағы ең сәтті дебют болды.
Қазір бізде шамамен 20 жас ойыншы бар, олардың әрқайсысы күн сайын алға жылжып, күткенімізден де жылдам дамып келеді.
– Клубтың ресми сайтында Глеб Плотников бас бапкердің міндетін атқарушы ретінде көрсетілген. Негізгі бас бапкер кім? Әлде сіздер жаңа жаттықтырушы іздеп жатырсыздар ма?
– Иә, клубтағы бас бапкердің орны бос тұр, өйткені бұл лауазым нәтижеге қатысты белгілі бір міндеттемелерді талап етеді. Біз осы маусымдағы басты міндет – қазақстандық ойыншыларды дамыту болғандықтан, бапкерлік штабты қазіргі құрамында қалдыру туралы шешім қабылдадық.
Қазіргі таңда бас бапкердің міндетін атқарушы Глеб Плотников бұл жұмысты сәтті атқарып жатыр. Біз жас баскетболшылармен жұмыстың нәтижесін көріп отырмыз. Қазір біз үшін бас бапкерді жедел ауыстыру емес, команданың құрамын жаңарту мен ойыншыларды дайындау бағытын жалғастыру маңыздырақ.
– Уақыт бөліп сұхбаттасқаныңыз үшін рахмет! «Астананың» жеңісті күндері көп болсын!