Америкалық баскетболшы Индонезияда өлім жазасына кесілуі мүмкін

17.05.2025, 13:10

Спортшы Таиландтан марихуана қосылған 20 бума кәмпит алдырған

Америкалық баскетболшы Индонезияда өлім жазасына кесілуі мүмкін
instagram.com/slimnojim16

Америкалық баскетболшы Джаред Шоу Индонезияда есірткі контрабандасы үшін қамауға алынды. Қазіргі таңда ол жергілікті «Тангеранг Хоукс» командасында өнер көрсетеді.

Жергілікті Merdeka.com басылымының хабарлауынша, спортшы Таиландтан марихуана қосылған кәмпиттерді заңсыз әкелуге әрекеттенген.

Сукарно-Хатта әуежайында ұсталған сәлемдемелердің ішінен салмағы шамамен 870 грамм болатын марихуана қосылған 20 бума кәмпит тәркіленген. Осы оқиғадан кейін полиция Шоуды Индонезиядағы BSD City аймағындағы пәтерінен тұтқындады. Тергеу барысында полиция оның есірткіні өзге спортшылар арасында таратпақ болғанын мәлімдеді.

Шоудың өзі марихуананы тек демалу мақсатында, әсіресе жаттығудан кейін пайдаланатынын айтып, оны Таиландтағы танысы арқылы сатып алғанын мойындаған.

Индонезия заңы бойынша Шоуға есірткі импорттау, сақтау және тарату баптары бойынша айып тағылып отыр. Егер кінәсі дәлелденсе, оған ең қатаң жаза — өлім жазасы, өмір бойына бас бостандығынан айыру немесе 20 жылға дейін түрме жазасы тағайындалуы мүмкін.

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам