
Никитаны ата-анасы мүлкін сатып, Сербияға оқып жіберген
Қазақстандық баскетболшы Никита Колонтаев АҚШ колледждерінің бірінен стипендия жеңіп алып, енді сол оқу орнының атынан ұлттық жасөспірімдер турниріне қатысады.
Журналист Владимир Жарковтың мәліметінше, Колонтаев Солтүстік Америкадағы NJCAA студенттік лигасына мүше команда құрамына қабылданған.
NJCAA – АҚШ-тағы 440-тан астам оқу орнын біріктіретін лига. Бұл оқу орындары 24 аймаққа бөлінген, әр аймақ әдетте екі-үш штаттан тұрады. Лиганың үш дивизионы бар: бірінші дивизиондағы колледждер студенттерге барлық шығынды жабатын толық стипендия ұсынады, ал екінші дивизионда стипендия оқу ақысы мен қосымша шығындарды ғана қамтиды.
Никита Колонтаев бұған дейін АҚШ-қа оқуға аттанып, жергілікті студенттік лигаларда ойнау үшін Қазақстандағы Sport Qory жас таланттарды қолдау бағдарламасына өтініш бергенімен, қолдау таба алмады. Сонан соң спортшының ата-анасы мүлкін сатып, оны өз қаражатымен Сербиядағы баскетбол академиясына жіберген. Дәл сол академия арқылы Никита АҚШ-тан шақырту алған.