Ол Серік Сәпиевтің нәтижесін қайталады.
Бокстан Дубайда өтіп жатқан әлем чемпионатынынң ширек финалдық кездесулері аяқталды. Қазақстан сапынан шаршы алаңға соңғы болып Абылайхан Жүсіпов шықты.
71 келіге дейінгі салмақта жартылай финал жолдамасы үшін өткен кездесуде ұлттық құрама көшбасшыларының бірі Абылайхан Жүсіпов әзербайжандық Сархан Алиевпен күш сынасты. Үш раундқа созылған тартысты жекпе-жектің қорытындысы бойынша қазақстандық боксшы айқын басымдықпен жеңіске жетіп, кемінде қола медальді қоржынға салды.
Осылайша, Абылайхан Серік Сәпиевтен соң әлем чемпионатында төрт медаль алған екінші боксшы атанды.
Жүсіпов – 2024 жылы Таиландтың Чиангмай қаласында өткен Азия чемпионатының жеңімпазы. Сонымен қатар ол 2017, 2019 және 2021 жылдардағы әлем чемпионаттарының үш дүркін қола жүлдегері. 2025 жылғы Қазақстан чемпионатында алтын медаль иеленген.
Айта кетейік, Абылайхан Жүсіпов Дубайда өтіп жатқан IBA әлем чемпионатында жүлдегер атанған Қазақстанның алтыншы боксшысы болды.
IBA ұйымдастырып жатқае әлем чемпионаты 3 желтоқсанда басталды. Жүлде қоры 8,32 миллион долларды құрайтын бәсекеге әлемнің 118 елінен боксшылар қатысып жатыр.