Ерсін Ерік «Реалды» қор қылды. Тауық сойса да қасап сойсын. Саусақ пен тіл үйлескенде…

«Абылайханға алтын бергендей, бізге де әділдік керек». Өзбекстандық блогер Кремлевке үндеу жасады

16.12.2025, 10:41

Блогер өзбек жанкүйерлері атынан IBA басшылығынан әділ шешім күтетінін атап өтті

«Абылайханға алтын бергендей, бізге де әділдік керек». Өзбекстандық блогер Кремлевке үндеу жасады
видеодан кадр

Өзбекстандық блогер Абдурахмон Фазилов IBA (Халықаралық бокс қауымдастығы) президенті Умар Кремлевке үндеу жасап, Дубайда өткен әлем чемпионатының финалындағы даулы жекпе-жекке қатысты тексеру жүргізуді сұрады.

Фазиловтың айтуынша, 60 келі салмақ дәрежесіндегі финалда орын алған жағдай – бокстың беделіне нұқсан келтіретін оқиға.

«Бұл – масқара. Бұл – бокстың дамуына абырой бермейтін әрекет. Құрметті Умар Кремлев, сіздің әділ адам екеніңізді білеміз, әлемдік бокс үшін көп еңбек сіңірдіңіз. Кеше Эмиратта өткен IBA финалында болған жағдай – өте ұят. Мұны төрешілер көрмеді деу қиын», – деді блогер.

Ол 2024 жылы Таиландта өткен Азия чемпионатын еске салды. Сол кезде IBA ережесі бойынша өткен финалда өзбекстандық боксшы қарсыласы Абылайхан Жүсіповтің иығынан тістеп алған. Алғашында бұл сәт назардан тыс қалғанымен, кейін шағым түсіріліп, нәтижесінде әділдік орнап, алтын медаль Абылайхан Жүсіповке беріліп, Хавасбек Асадуллаевқа ескерту жасалған.

«Енді дәл сондай әділдікті талап етеміз. Бұл жолы қарсылас Абдумалик Халоковтың құлағын тістеді. IBA ережесіне сай, мұндай әрекет – спортшы үшін масқара. Жақсы болғаны, Холифилдтің жағдайындағыдай құлақ жұлынып кетпеді», – деді Фазилов.

Блогер өзбек жанкүйерлері атынан IBA басшылығынан әділ шешім күтетінін атап өтті.

«Біз сіздің әлемдік боксқа сіңірген еңбегіңізді жоғары бағалаймыз. Өзбек, қазақ, тәжік, қырғыз халықтары үшін істеген істеріңізді де білеміз. Кеше финалда болған жағдай – бокс емес, бұл – масқара. Әділдік орнауы керек», – деді ол Instagram желісіндегі мәлімдемесінде.

Еске сала кетейік, Дубайда өткен IBA әлем чемпионатының 60 келіге дейінгі салмақтағы финалында Өзбекстанның олимпиада чемпионы Абдумалик Халоков ресейлік Всеволод Шумковқа төрешілердің қақ жарылған шешімімен жеңіліп қалған еді.

Кейін әлеуметтік желіде тараған видеода жекпе-жек барысында Шумковтың Халоковтың құлағын тістеген сәті анық көрінеді. Алайда бұл ереже бұзушылықты төрешілер мен рефери назарға алмаған.

Айта кетейік, дәл осы әлем чемпионатында қазақстандық боксшы Абылайхан Жүсіпов алтын медаль жеңіп алды.

Бұл туралы не ойлайсыз?
Ұнайды 1
Ұнамайды 0
Күлкілі 1
Ашулану 0
×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам