Аталған жарысты кіші әлем чемпионаты деп те атайды
Болгария астанасы Софияда өтіп жатқан дәстүрлі Странджа кубогін қазақстандық боксшылар сәтті бастады. Алғашқы жарыс күні төрт боксшымыз рингке шығып, бәрі жеңіске жетті.
Жарысты 1/8 финалдан бастаған Дәулет Молдашев (54 кг) қырғыз Руслан Эрнст уулын ұтса, Руслан Күзеубаев (60 кг) грузиялық Артюш Гомцианиден басым түсті. Ал, Дулат Бекбауов (67 кг) жергілікті боксшы Благовест Неделчевтен айласын асырды.
Ал, 80 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсететін Тұрсынбай Құлахмет 1/16 финалда болгар боксшысы Николай Дишковты қиындықсыз жеңді.
4 ақпанда басталған жарыс 12 ақпанға дейін жалғасады. Айта кету керек, «Странджа кубогін» кіші әлем чемпионаты деп те атайды. Яғни, бұл жарысқа әлемнің ең үздік боксшылары жиналады.