Ерсін Ерік «Реалды» қор қылды. Тауық сойса да қасап сойсын. Саусақ пен тіл үйлескенде…

«Абдумалик Халоковқа қомақты қаржы ұсынылды»: блогер даулы финалға қатысты мәлімдеме жасады

19.12.2025, 22:27

Боксшы одан бас тартқан көрінеді.

«Абдумалик Халоковқа қомақты қаржы ұсынылды»: блогер даулы финалға қатысты мәлімдеме жасады
IBA

Өзбекстандық танымал боксшы, Олимпиада чемпионы Абдумалик Халоковқа ірі көлемде қаржылай ұсыныс жасалғаны туралы ақпарат тарады. Бұл жөнінде Instagram желісінде үш миллионға жуық оқырманы бар өзбекстандық блогер Абдурахмон Фозилов мәлімдеді.

Блогердің айтуынша, бұл ұсыныс Дубайда өткен IBA ұйымдастырған әлем чемпионатының финалынан кейін жасалған. Аталған жекпе-жекте 60 келіге дейінгі салмақта ресейлік боксшы Всеволод Шумков пен Абдумалик Халоков кездесіп, төрешілер шешімімен алтын медаль Шумковқа берілген еді. Алайда айқас барысында ресейлік спортшының қарсыласының құлағын тістеп алған сәтінің видеосы әлеуметтік желілерде кеңінен тарады.

Абдурахмон Фозилов осы оқиғаға байланысты жекпе-жек нәтижесіне ашық наразылық білдіріп келеді. Ол алтын медаль әділ түрде өзбек боксшысына берілуі керек деп санайды. Бүгін блогер әлеуметтік желідегі парақшасында:

«Ұзынқұлақ әңгімеге қарағанда, Абдумаликке үлкен көлемде ақша ұсынған. Бірақ ол бұл ұсыныстан бас тартқан», – деп жазды.

Сондай-ақ ол жазбасының соңында Халықаралық бокс қауымдастығының (IBA) президенті Умар Кремлёвтің әлеуметтік желідегі парақшасына пікір қалдырып, «әділет қашан орнайды?» деген сұрақты бірге қоюға шақырды.

Бұл жағдайға байланысты IBA президенті Умар Кремлёв те ресми мәлімдеме жасады. Оның айтуынша, финалдағы даулы эпизод IBA-ның медициналық және тәртіптік комиссияларының бақылауында.

«Халоков пен Шумков арасындағы жекпе-жекке қатысты жағдай IBA тарапынан қаралады. Бұл іске жауапты тұлғалар, медициналық және тәртіптік комиссиялар жұмылдырылады. Барлық қажетті тексерулер жүргізіледі, содан кейін екі тараппен талқылаудан соң IBA нақты әрі біржақты шешім шығарады. Қандай шешім қабылданса да, ол әділ әрі бейтарап болады», – деп жазды Кремлёв Telegram арнасында.

Айта кетейік, IBA ұйымдастырған 2025 жылғы әлем чемпионаты Дубай қаласында өтті. Бұл додада Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте Өзбекстанды артқа тастап, екінші орынға ие болды.

Бұл туралы не ойлайсыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулану 1
×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам