Екеуі де Олимпиадада ел намысын асқақтатқан спортшылар.
Атланта олимпиадасының чемпионы Юрий Мельниченко мен Лондон олимпиадасының жүлдегері Ақжүрек Таңатаров Қазақстан күрес федерациясының вице-президенті қызметіне тағайындалды.
Жиында федерация басшылығы жаңа мамандармен толықққаны айтылды. Енді федерацияның вице-президенттері болып, Атланта Олимпиадасының жеңімпазы Мельниченко Юрий Васильевич пен Лондон Олимпиадасының жүлдегері Ақжүрек Таңатаров тағайындалды. Сондай-ақ, бұған дейін «Қазақ күресі» қауымдастығының бас директоры ретінде қызмет атқарған Дамир Бекбосынов федерацияның бас хатшысы қызметіне кірісті. Бұдан бөлек, вице-президенттер Нұржан Қатаев, Дәурен Жабасов, Сабыржан Зайнидинов өз жұмыстарын жалғастыра береді.
Жаңадан келген вице-президенттердің қандай қызметпен айналысатыны алдағы уақытта белгілі болады
Естеріңізде болса, Юрий Мельниченко 2023 жылы грек-рим күресінен ұлттық құрама тізгінін ұстаған еді. Дегенмен биылғы жылдың басында Мельниченко өз еркімен қызметінен кетіп, оның орнына Қонысбек Төкенов бас бапкер болып тағайындалды. Мельниченко баптаған тұста Демеу Жадыраев Париж олимпиадасында күміс жүлдегер атанды.
Ал Ақжүрек Таңатаров тамыз айында Алматы облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы қызметіне бекітілді. Таңатаров еңбек жолын 2006 жылы Туризм және спорт министрлігі Спорт комитетінің Ұлттық штаттық командалар мен спорт резервінің нұсқаушы-спортшысы ретінде бастаған. Әр жылдары Жамбыл облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының коммуналдық мемлекеттік мекемелерінде басшылық лауазымдарда жұмыс істеген.
Айта кетейік, 5 желтоқсанда Қазақстан грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының отырысы өтіп, федерацияның жаңа президенті сайланды. Жиынға қатысушылардың шешімімен федерацияның жаңа президенті болып Еркін Оқасов сайланды. Ол өз еркімен қызметінен кеткен Дәулет Тұрлыхановтың орнын басты.