Сот Екатерина Бивол таратқан ақпараттың жалған екенін растады
Кәсіпқой бокстан әлем чемпионы Дмитрий Бивол бұрынғы әйелі Екатерина Биволға қарсы жала жабу дерегі бойынша сотта жеңіске жетті.
Санкт-Петербург қаласындағы Смольнин аудандық соты Дмитрий Биволдың бұрынғы әйеліне қарсы берген азаматтық талабын қарады. Онда шындыққа сәйкес келмейтін, ар-намысы мен қадір-қасиетіне, сондай-ақ іскерлік беделіне нұқсан келтіретін мәліметтерді жалған деп тану және оларды теріске шығару туралы міндеттеу мәселесі көтерілген.
Сот материалдарында жауапкер 2024 жылдың 16 қыркүйегінен 2025 жылдың 11 тамызына дейін Ресей аумағында тыйым салынған Instagram әлеуметтік желісінде талапкерге қатысты беделін түсіретін мәліметтер жариялаған. Сонымен қатар, 2025 жылдың 21 шілдесінен 11 тамызына дейін Telegram мессенджерінде мәтін форматындағы жазбалар мен пікірлер қалдырған.
Сот спортшының жағына шығып, жауапкер таратқан мәліметтерді шындыққа жанаспайтын, талапкердің ар-намысы мен қадір-қасиетіне, іскерлік беделіне нұқсан келтіретін ақпарат деп таныды. Осыған байланысты Екатерина Биволға өзіне тиесілі барлық сайттарда, әлеуметтік желідегі парақшаларында және мессенджерлердегі арналарында бұрын жарияланған ақпаратты теріске шығару міндеттелді.
Бұған дейін еліміздің ішкі істер министрлігі Дмитрий Биволдың бұрынғы жұбайын елімізге экстрадициялау мәселесін көтеретінін хабарлаған болатын. Қазан айында ҚР ІІМ Екатерина Биволға қатысты қылмыстық іс қозғап, кейін боксшының бұрынғы жұбайына іздеу жарияланғаны айтылды.
Бұдан бөлек, Екатерина Бивол Қырғызстанда да іздеуге алынды. Онда оған сол елдің Қылмыстық кодексінің 330-бабы - «Нәсілдік, этностық, ұлттық немесе өңіраралық араздықты (алауыздықты) қоздыру» бойынша айып тағылып отыр.