Сарапшының айтуынша, өзі раундтар есебімен Теміртастың жеңісін 2:1 (қазіргі жүйе бойынша 29:28) деп санаған
Бокстан танымал британдық бапкер әрі сарапшы Мэтт Робинсон қазақстандық боксшы Теміртас Жүсіповтің әлем чемпионатының жартылай финалындағы жеңілісіне қатысты пікір білдірді.
Оның айтуынша, қазақстандық спортшы ресейлік Эдмонд Худояннан мұншалықты ірі есеппен жеңілуге лайық болмаған.
Дубайда IBA ұйымының қолдауымен өткен әлем чемпионатының финалына жолдама үшін өткен жекпе-жекте төрешілер шешімімен жеңіс Худоянға берілген еді. Нәтижесінде 38 жастағы Теміртас Жүсіпов турнирді қола жүлдемен аяқтады.
Мэтт Робинсон бұл жекпе-жекті «даулы» деп бағалады.
«Бір-бірімен деңгейлес болған бұл жекпе-жекте «тонау болды» деп айқайлағанды жек көремін. Бірақ Худоян мен Жүсіповтің айқасы дәл сондай жағдайлардың бірі. Бес төрешінің төртеуі ресейлік боксшыға 3:0 есебімен жеңіс бергені – IBA турнирлерінде тең раундтар көбіне Ресей боксшыларының пайдасына шешілетінін көрсетеді. Дегенмен, жекпе-жек өте тартысты өтті», – деп жазды Робинсон Instagram парақшасында.
Сарапшының айтуынша, өзі раундтар есебімен Теміртастың жеңісін 2:1 (қазіргі жүйе бойынша 29:28) деп санаған. Сонымен қатар, ол төрешілердің Худоянға дәл осындай минималды басымдық беруін де белгілі бір деңгейде түсінуге болатынын айтты.
«Бұл тонау болды ма? Жоқ. Әділ шешім болды ма? Тағы да жоқ. Төрт төрешінің барлық үш раундты Худоянға беруі – өте нашар. Жүсіпов жекпе-жек барысында дистанцияда барған сайын жақсырақ жұмыс істеді», – деді Мэтт Робинсон.
Айта кетейік, IBA ұйымдастырған әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы 3 алтын, 1 күміс және 2 қола медаль жеңіп алып, жалпыкомандалық есепте Өзбекстан құрамасынан озып шықты.