Артқы орындықта отырған Джошуа жеңіл жарақаттар алған
Бұрынғы әлем чемпионы, британиялық боксшы Энтони Джошуа Нигерияда жол апатына ұшырады. Жергілікті Punch басылымының дерегінше, апаттан екі адам қайтыс болды.
Дереккөз мәліметінше, дүйсенбі күні таңертең Лагос-Ибадан бағытындағы тас жолда Lexus маркалы жол талғамайтын көлік жол жиегінде тұрған жүк көлігіне соғылған. Көлікте Энтони Джошуа, жүргізуші және тағы екі жолаушы болған.
Артқы орындықта отырған Джошуа жеңіл жарақаттар алған. Ал оның жанында отырған жолаушы мен жүргізушінің қасында болған тағы бір адам оқиға орнында көз жұмған.
Энтони Джошуа 36 жаста. Ол Уотфорд қаласында нигериялық отбасында дүниеге келген.
Балалық шағының бір бөлігін Нигерияда өткізсе, кейін білім алу үшін Ұлыбританияға оралған.
Джошуа кәсіпқой бокста 29 жеңіске қол жеткізген, одан бөлек еншісінде тағы 4 жеңіліс бар.
Ол IBF, WBA, WBO және IBO нұсқалары бойынша әлем чемпионы атанған. Соңғы жекпе-жегін 19 желтоқсанда өткізіп, америкалық блогер Джейк Полды нокаутпен жеңген еді.