Жаңа ЖБ Шоу! Қайрат - Брюгге!

«Бәрі бітті деуге болмайды»: Болат Манкенов Жәнібек Әлімханұлын қандай жаза күтіп тұрғанын айтты

20.01.2026, 22:07

Ол барлығын комиссия қарайтынын айтты. 

«Бәрі бітті деуге болмайды»: Болат Манкенов Жәнібек Әлімханұлын қандай жаза күтіп тұрғанын айтты
WSB

Кәсіпқой бокстан орта салмақта WBO және IBF нұсқалары бойынша әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлының В сынамасы да оң нәтиже көрсетті. Қан құрамынан мельдоний анықталған соң көпшілікті боксшының алдағы тағдыры қызықтырады. Осы жағдайға байланысты Қазақстан кәсіпқой бокс федерациясының бас хатшысы Болат Манкенов жан-жақты пікір білдіріп, процестің қалай жүретінін, шешімді кім, қалай қабылдайтынын және қандай қауіп-қатер барын түсіндірді.

– Болат аға, Жәнібектің В сынамасының да оң нәтиже бергені ресми түрде белгілі болды. Ендігі мәселе қандай болмақ?

– Әрине, бұл – өкінішті жайт. Жасыратыны жоқ, біз де осыдан бірер сағат бұрын білдік. В сынамасы да оң нәтиже көрсетті деген ақпарат түсті. Бірақ осыдан кейін бірден үкім шығарып, «бәрі бітті» деуге болмайды. Енді бұл мәселе әлемдік ұйымдардың заң және медициналық комиссияларының қарауына өтеді.

– Қазір көпшілікті «Жәнібекті не күтіп тұр?» деген сұрақ мазалайды. Бұл шешімді кім қабылдайды?

– Бұл жерде бір адамның немесе бір федерацияның шешімі болмайды. Жәнібек – WBO мен IBF нұсқалары бойынша әлем чемпионы, яғни екі бірдей беделді халықаралық ұйымға қарайды. Сол ұйымдардың заң комиссиялары бар, медициналық комиссиясы бар, спортшылардың құқығын қорғайтын құрылымдары бар. Шешімді солар қабылдайды. Барлығы ереже мен заңға сай қаралады.

– Танымал боксшылардың біразы допинг дауына іліккен. Оларға қатысты қолданылған жаза да әртүрлі. Әлімханұлының жағдайы қалай болмақ?

– Әрине, бұл жалғыз оқиға емес. Соңғы бірнеше жылда мұндай жағдайлар болған. Әлемдік тәжірибеде допинг сынамасынан тыйым салынған зат анықталған көптеген боксшы бар. Солардың бәрінде комиссиялар әр істі жеке-жеке, өте мұқият қарады. Бірдей шаблонмен шешім шығармайды.

Осыдан бірер жыл бұрын Сауль Альварес осындай жағдайға тап болды, бірақ «Канело» препаратты әдейі қолданғанын жоққа шығарды. Себебі Мексикада ет өнімдерінің кленбутеролмен ластануы ресми тіркелген факт екен. Тиісінше WADA бұл тәуекелді «жоғары аймақ» ретінде мойындап, нәтижесінде ол басында бір жылға шеттетіліп, кейіннен дисквалификация мерзімі 6 айға қысқартылды.

Кейбір спортшылар кінәсіздігін дәлелдеп шықты, кейбіріне жарты жыл, бір жылға дейін шектеу қойылды. Кей жағдайда айыппұлмен шектелді.
Яғни спортшы оны әдейі қолданды ма, жоқ па деген мәселе өзекті. Препараттың ағзаға қалай түскені, дозасы, бұрын қолданылған-қолданылмағаны, медициналық көрсеткіштер – бәрі зерттеледі. Сондықтан бұл процесс тез шешілмейді.

– Қоғамда «саясат араласты», «біреулер ықпал етті» деген пікірлер де айтылып жатыр. Сіз бұған не дейсіз?

– Умар Кремлевтің де ықпалы бар деген сыңайдағы пікірлерді де көзім шалды. Өз басым ондай әңгімелердің ешбіріне қосылмаймын. Кәсіпқой бокс – өте үлкен халықаралық бизнес. Мұнда бәрі ашық, бәрі бақылауда. Бұл ұйымдарда ондаған жыл жұмыс істеп келе жатқан тәжірибелі мамандар, профессорлар, академиктер бар. Олар өздерінің беделін мұндай күмәнді дүниеге айырбастамайды. Пара беру, сатып алу деген әңгімелер – бос сөз.

Кезінде өзіміз де талай жиынға қатыстық, процестердің қалай жүретінін, қалай талқыланатынын өз көзімізбен көрдік. Сондықтан ондай ұйымдардың беделіне нұқсан келтіру орынсыз.

– Жәнібек тәжірибелі боксшы. Оның ағзасына мельдоний қалай түсті деген сұрақ туындайды…

– Мельдонийге 2011-2012 жылдарға дейін тыйым салынбаған еді. Ол кезде бұл препарат допинг тізіміне кірмейтін. Біз өзіміз «Астана арландары» командасында болғанда, жекпе-жек алдында дәрігерлердің бақылауымен қолданған кездер болды. Ол жүрек бұлшықетін қолдауға арналған медициналық препарат еді. Кейін WADA оны тыйым салынған тізімге қосты. Соны естіп таңғалғанмын, себебі мельдонийдің ғажайып күш беретінін көрген емеспін. Оны қабылдаған соң да балаларымыз 3-4 раундта шаршап қалатын. Бірақ тыйым салынған препарат болғандықтан, ереже бәріне ортақ.

– Жәнібектің деңгейін ескерсек, ол әдейі қолданды деу қисынсыз шығар?

– Бұл жерде ең көп ойландыратын тұс та осы. Жәнібек – кәсіпқой боксқа кеше келген бала емес. Ол – екі бірдей әлем чемпиондық белбеудің иесі, тәжірибелі командасы, менеджменті бар боксшы. Эгис Климас – өте тәжірибелі менеджер, Василий Ломаченко, Александр Усик секілді мықтылармен жұмыс істеген. Мұндай деңгейдегі командасы бар спортшы әдейі тыйым салынған препарат қолданады деу орынсыз. Сондықтан комиссия бұл жағын да ескеретініне сенемін.

– Ең ауыр жағдайда қандай шешім шығуы мүмкін?

– Ең ауыр нұсқа – белгілі бір мерзімге спорттан шеттету. Бірақ оның ұзақтығы да, сипаты да істің қалай дәлелденетініне байланысты. Әдейі емес екені анықталса, жаза да жеңілдеуі мүмкін.

Жәнібек баламыз сияқты ғой, бокстағы жолын көрдік. Міне, енді үшінші белбеуін алады деп отырғанда, осындай сынаққа тап болды. Өте өкінішті. 

Қазір ең бастысы – байбалам салмау. Бұл жағдай Жәнібекке де, оның командасына да оңай емес. Бірақ бәрі заң аясында, халықаралық ереже бойынша шешіледі. Саясат деп артық сөздер айтпай, эмоцияға берілмей, комиссиялардың шешімін күтейік. Жәнібекке қолдау көрсетейік! 

Бұл туралы не ойлайсыз?
Ұнайды 5
Ұнамайды 0
Күлкілі 1
Ашулану 0
×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам